Наркодиспансер науқастарды еңбек терапиясымен емдемек

27-08-2014, 10:36 Бас бет » Видео
Наркодиспансер науқастарды еңбек терапиясымен емдемек Жамбыл облысының наркологиялық диспансері осында жатқан науқастарды еңбек терапиясымен емдеуді бастамақ. Бұл бұрыннан белгілі әдіс. Бірақ, оны қолдану емдеу мекемесі жаңа орынға көшкелі бері ғана мүмкін болып отыр. Өмірден өзгеше қызық іздеймін деп қоғамда өз орнын таба алмаған азаматтардың ортамызға қайта оралуына ықпал етпекші.
 
Наркологиялық диспансер былтыр күзде бұрынғы балалар ауруханасының ғимаратына көшіп келген. Оған дейін қаланың екі жақ шетіндегі екі бөлек ғимаратта орналасып, науқастарға ыңғайлы жағдай жасай алмаған. Жаңа орынды арнайы талаптарға сай етіп, жөндеп, емнің тиімділігін арттыра алыпты. Бұрынғы кезге қарағанда емделіп шыққандардың ішінен қайта түсетіндері азайған.
 
Самат Намазәлиев, Жамбыл облыстық наркологиялық диспансерінің бөлім меңгерушісі:
- Көбінің қайтып келгісі жоқ. Дегенмен, емделіп шыққандардың 20 пайыздайы қайта келіп түседі. Олар еркін өмірде өз орын таба алмаған, отбасы, туысқандарынан ажырап кеткендер. Біраз еркіндікте жүріп, баяғы ішімдікке салынып, қайта келеді.
Мұнда түрлі жағдайлармен, бірі тағдырдың ауырлығын көтере алмай, бірі қызығып бастап, кейін одан арыла алмай, енді бірі жеңіл табысының буына еріп маскүнемдік пен нашақорлық дертіне шалдыққандар жатыр. Қоғамдағы өз орнын табуға ұмтылғандарға қол созған диспансер басшылығы еңбек терапиясына қатты үміт артып отыр. Қаржы тауып, мүмкіндіктерді қарастырып, көбікті бетоннан блок шығармақшы. Ондай шешімге емделушілердің сұранысы итермелеген.
 
Алексей Немывалко, емделуші:
- Жұмыссыз жатсаң, ішің пысады, басыңа неше түрлі келеңсіз ойлар келеді. Адамды енжарлық басады. Ал, жұмысқа шықсаң, көңіл-күйің көтеріледі, ынтаң артады. Қоғамның мүшесі екеніңді сезіне бастайсың.
Ашылғалы жатқан цехта жұмыс істегісі келетіндер көп. Еркіндікке біртабан болса да жақындағысы келеді. Еңбекке деген құлшыныс бар. Бұл емді тиімді ететін әдіс.
 
Жақып Жексембиев, Жамбыл облыстық наркологиялық диспансерінің бас дәрігері:
- Еңбекке баулу, адамдарды жұмыс істету, сол еңбек арқылы қоғамға пайдасын тигізу. Бұлар 6 айдан екі жылға дейін жатады, осы арада өз еркімен жұмыс істегісі келген жұмысқа шығады. Жұмыс істегенде тегін емес, айлығын алады.
Емделушілердің дені тапқан табысын үйіне жібергісі келеді екен. Бұл отбасына деген жанашырлықтың бір белгісі. Еңбек терапиясының түпкі мақсаты – еркіндікке шыққанда отбасының негізгі жанашырына айналдыру.
 
Тілші: Әбдез Рахманұлы
 
Оператор: Тимур Сейілхан

http://www.khabar.kz/kz/zha-aly-tar/o-am/4490-narkodispanser-nau-astardy-e-bek-terapiyasymen-emdemek