Дерт

Дерт"Заманауи есірткінің түрін жасайтындар оның құрамына шоколад, ваниль және шиенің дәмін араластырып жібереді. Жастар бұған қалай байланып қалғанын білмей қалады. Сорақысы сол, бұларды адам қанынан анықтау қиын..."

Міне, осындай адам шошытарлық деректер Алматыдағы наркология орталығында өткен жиында айтылды. Төменде осы басқосуда айтылған кейбір өзекті пікірлерді ұсынып отырмыз.

Ольга ЛАЛЕТИНА, Алматыдағы наркология орталығының бас дәрігері: 
– Есірткіге тәуелді болғанның бір жаман жері – адам бұдан 20-30 жыл бойы тыйылып жүргенмен, күндердің күні қайта қолданатын болса, бұрынғы сырқаты қайта қозады. Денесін тырнап, шашын жұлатын жағдайда жетеді. Мұндайда адам ауыр қылмысқа да бара алады. Наркоорталықтан шыққан соң емделуші диспансерлік есепке тұрады. 

Кирилл ГИБАЛОВ, дәрігер-нарколог: 
– Жынды судың жетегінде жүргендер екі күн арақ ішпесе құтырынып, бөлменің астан-кестеңін шығарады. Мұны әлгі адамның туысқандары жақсы біледі. Жақынының жағдайын көрген соң «жандары ашып» шырын немесе минералды судың, тіпті айранның құтысына арақ құйып жібереді...

ДертСУИЦИДТІҢ СЕБЕБІ

Бақытбек ТІЛЕУБАЕВ, дәрігер-нарколог: 
– Иә, қазір героин сұраныстан қалып барады. Себебі жастар арасында экстази немесе «легалка» деп аталып кеткен есірткінің түрі кең тарап келе жатыр. Менің білуімше, қазір қалалық орталықта тіркеуде тұрған 8 жасөспірім бар. Ал тіркелмегендері қанша? Бұлар негізінен мен айтқан экстазиді қолданады. Негізінде есірткінің бұл түрі марихуана мен нашадан (гашиш) да қауіпті. «Легалка» адам ағзасын, бірінші кезекте жүйе жүйесін зақымдайды. Есірткінің бұл түрін қолданғандардың көпшілігі өз-өзіне қол жұмсайды.

Руслан ӘЛИЕВ, Алматы қалалық наркология орталығы Бас дәрігерінің орынбасары: 
– Қазір алкогольге тәуелділіктен арылудың құны – 8700 теңге, ал есірткіден тыйылу үшін – 9300 теңге төлейсіз. Ем-дом алудың процесі қаншаға созыларын дәрігер шешеді. Негізінен, бұл шамамен 5-7 күн.
 
Дерт«ЧЕКУШКАНЫҢ» КӨМЕГІ

Жанна ЖОЛДЫБАЕВА, психиатр:
– Осыдан 10-15 жыл бұрын елімізде есірткіге (оның ішінде героин) еліккеннің саны көп болды. Қазір керісінше араққұмардың саны артып келе жатыр. Мысалға қазіргі күні диспансерде 35 215 адам тіркеуде тұрса, (өткен жылы 46 410) соның 3785-і ғана нашақор (былтырғы жылғы көрсеткіш 4217). Оның ішінде инъекциялық, яғни ине салатын нашақордың саны азайып келеді. Бұлар негізінен героинға тәуелді топ. Қазір мұндай есірткіге сұраныс аз. Ал оны тұтынатынның көпшілігі қазір қайыршылық жағдайға жеткен. Сондықтан наша таба алмай қол-аяғы қақсап қысылғанда бұлар «чекушканың» көмегіне жүгінеді. Сайып келгенде, әрі маскүнемге, әрі нашақорға айналады. Бірақ бұдан адамның ауруы асқына түспесе, басылмайды. 

Владимир КРАВЧЕНКО, «Нашақорлыққа қарсы күрес» медициналық орталығының маманы: 
– Ойыңызды толықтыра кетейін. Қазір жасөспірімдер арасында суицидтің асқынып тұрғаны жасырын емес. Әлі бұғанасы бекімеген баланың 7-ші, 8-ші қабаттан секіріп кетуін қалай түсіндіруге болады? Көп жағдайда бұған есірткінің, оның ішінде құрамында жалған елес (галлюцинация) туғызатын түрлі шөп-шалам араласқан қоспалардың, қазіргі тілде оны «микс» дейді. Жастар арасында кеңінен қолданылатын JWH (дживиаштың) әсері бар. Дживиашты жасайтындар оның құрамына шоколад, ваниль және шиенің дәмін араластырып жібереді. Жастар бұған қалай байланып қалғанын білмей қалады. Сорақысы сол, бұларды адам қанынан анықтау қиын. Есірткінің бұл түрін аса көп мөлшерде пайдаланған адамның артынан құбыжық қуып келе жатқандай елестейді. Ал нашақор одан қашып құтылатын, тығылатын жер іздейді. Бұл ғылыми тұрғыда дәлелденген. 

Бейбіт БЕКТАСОВ, Алматы қаласы ІІД есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының өкілі: 
– Қазақстанда шөп қоспасын кіргізуге 2010 жылы ресми түрде тыйым салынған болатын. Алайда аталған сауданы ауыздықтау мүмкін болмай отыр. Мұндай өнімдер негізінен Қытай мен АҚШ-тан келеді. Алыпсатар кейде өнімді интернет арқылы саудалайды. Делдал бұл арада да амалын табады. Көп жағдайда мұндай өнім «көртышқанды құртуға арналған зат» ретінде сатылады. Біз аталған тауарды саудалайтын ондаған сайтты таптық.
Оқшау әлем

Аталған жиыннан кейін біз аз уақыт орталықты аралауға мүмкіндік алдық. Аты-жөнін айтпай, жасырын емделіп жатқан ақылы бөлімдегілер кездесуден бірден бас тартты. Ал терапия бөлмесіне орталықтың бас дәрігері кіргізген жоқ. ≪Мұнда негізінен жүйке жүйесіне зақым келгендер жатады, сондықтан, олармен әңгімелескен қауіпті≫, – деді Ольга Лалетина. Әйткенмен тегін бөлімде жатқан бірде-екілі емделушімен әңгімелесуге мүмкіндік алдық. Сырт көзге мұндай бөлменің кәдімгі аурухана бөлмесінен еш айырмасы жоқ. Тек терезесінде темір тор бар...

Бізбен тілдесуге ниет танытқан Рустам есімді азамат бұл орталыққа осымен алтыншы рет түсіп отыр екен. 

– Иә, алтыншы рет түсіп отырмын. Жасым болса қырыққа тақап қалды. Шамамен 5 жыл ғұмырым осында өтті. Бұл жерден шыққанда саған бүкіл дүние қолжетімді сияқты көрінеді. Соның кесірінен көп жыл бойы ханка (апиын) мен героинның құлы болып жүрдім. Жалпы «стажым» 7 жыл. Әй, бірақ есірткіден құтылғаныңмен, араққа деген құлқыныңды тию қиын екен...
 
Думан БЫҚАЙ
http://jasqazaq.kz/2014/05/30/dert.html