Маңғыстау облысында 1600-ден аса нашақор тіркеуде тұр

Маңғыстау облысында 1600-ден аса нашақор тіркеуде тұрАстана. 21 қазан. Baq.kz - Қазір күнде Маңғыстау облыстық наркологиялық диспансерде 1600-ден аса нашақор есепте тұрса, оның 206-сы биыл тоғыз айдың ішінде тіркелген екен. Бұл туралы ІІД есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының жедел уәкілі, полиция капитаны Камиль Будайчиевтің «Маңғыстау» газетіне берген сұхбаты барысында мәлім етті.
 Оның айтуынша, облысыта жыл басынан бері заңсыз есірткі тасымалына қатысты 63 қылмыстық іс қозғалып, 43 келі зиянды зат тәркіленген. Есірткі саудасымен күрестің ең тиімді тәсілі – көршілес облыстармен бірлескен шараларды жүзеге асыру болып табылады.
-Мәселен, Жамбыл облысындағы әріптестерімен бірге ұйымдастырылған операцияда 17 келі есірткі тәркіленіп, заңсыз сауда айналымына тосқауыл қойылды. Есірткі саудалаушылар алғашында адамды еліктіру үшін есірткіні тегін береді, кейін тәуелділігін жеңе алмағандар тұрақты тұтынуға үйір болады. Есірткіні табыс көзіне айналдырған саудалаушылардың көбі түнгі клубтар мен кафе-барларда жүретіндіктен, рейдтік шараларды жиі ұйымдастырып тұрамыз,-дейді К.Будайчиев.
Сонымен бірге есірткі түрлеріне жататын ұйықтататын, тыныштандыратын және өзге де психотроптық дәрілер дәріханаларда арнайы рецепті арқылы ғана сатылуы керектігін айтады. Алайда, аталмыш есірткі түріне жататын дәрілер дәріханаларда ашық сатылып жатыр.

Ая ӨМІРТАЙ