ӘЛСІЗДІКТІҢ ӘЛЕГІ

ӘЛСІЗДІКТІҢ ӘЛЕГІШүкір, сонау 90-жылдармен салыстырғанда, қазақ қоғамы есін жиды. Ел ептеп, есеппен ішетін болған. Дегенмен дүрліктіретін, дү¬ниені бүлдіретін оқиғалар азаймай тұр. Оның дені арақпен байланысты. 
Адам өлтіру, отбасы шырқының бұзылуы, ұрлық-қарлық, жұрттың мазасын алатын жайсыз жағдайлар ұшырасып қалады. Сонда дейміз-ау, арақтың азабын, өлімге соқтыратынын соқталдай азаматтар неге сезінбейді? Бәрінен де арақтың тоймен бірге ойды да бұзғанын қалай жасырамыз. Қазір ішіп алғандар тойда шешініп немесе стриптиз көр¬сетіп, немесе мықын биін билеген бикештердің беліне жармасып, біл¬генін істейтін болды. 
Жақында британдық ғалымдар маскүнемдік адам өмірін 7,6 жылға қысқартатынын дәлелдепті.12 жылдық зерттеу жұмысының қоры¬тын¬дысы осы. 
Маскүнемдікке шалдыққан 23 мыңнан астам адам туралы мәлі¬-метті зерттеп, олардың көрсеткіштерін арақ ішпейтін сонша адаммен салыстырған. Нәтижесінде, ащы суға әуес емес адамдар ұзағырақ өмір сүретіні белгілі болған. Сондай-ақ маскүнемдік адамның психикалық жағдайына және денсаулығына кері әсер тигізетінін ескертеді. Осы секілді жүздеген мысалды ойға алғанда, өз ортамыздың қаншалықты саламаттылығына нақты көз жеткізуге бола ма? 
Статистика комитеті салынып ішетіндердің сирегенін айтады. Бұл рас. Бірақ ішімдіктің салдарынан көлік руліне отырып, о дүниеге кет¬кендер немесе өзгелердің обалына қалып жатқандар қаншама? Ішің қан жылайды!
Қазір той көбейді. Сол тойда құдаларға арақ ішкізу, үйлеріне мас қылып тарқату сәнге айналған. Бұған дейін асаба іздеп сабылатын жұрт¬тың бір бөлігі енді ішетін адам іздейтін болған. Өйткені қонақ¬тарды үйлеріне сау қайтармау керек. Халал тойға барып, «түк iшпей қайттық» дейтіндерден гөрі, ертесіне есін жинай алмай, «құдаларымыз көңілді, сұмдық ішкізді, керемет жандар екен» деген сөзді абырой са¬найтындар баршылық. Осының бәрі өнегелі өмірге жатпасы анық. Елі¬мізде ресми түрде тіркелген 200 мың маскүнемнің «махаббатынан» гөрі, аузына татып алмайтындардың таяғы жақсы емес пе?
Қарап отырғанша, қызық айтайық: Қазақстанда арақ-шарап сатылмайтын тұтас ауылдар бар екен. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысының Сандықтау ауданындағы «Красная поляна» ауылын «ұяты бар ауыл» деуге болады. «Біздің учаскелік инспектор «жұмыссыздар қатарында» деп айтуға болады. Әрине, бұл – қалжың. Бірақ арақ ішілмегеннен кейін ауылда қылмыс жоқ. Сондықтан тәртіп сақшы-сының жұмысы да жеңіл» дейді «Красная поляна» ауылдық округінің әкімі Аңсар Ибаев БАҚ-қа берген сұхбатында.
Ауылдың іргесі 1863 жылы қаланған. Кезінде ішетіндер көп болған. Бұдан 9 жыл бұрын ішімдікке тойып алған жастар бір қарияны өлімші етіп сабап тастайды. Осыдан кейін ауыл ақсақалдары дүкендерде арақ саттырмауға уағдаласып, жұрт бұл бастаманы құптайды. Бүгінде мың¬нан астам тұрғыны бар ауылдан маскүнемді көру – маймылды көрумен бірдей. Тоғыз жылдан бері бірде-бір қылмыс тіркелмеген. Сол ауылдың тұрғыны Айшат:
– «Біздің ауылдағы үйлерде есікке құлып салынбайды. Алыс жаққа жол жүретін болсам ғана есікке құлып саламын. Оның өзінде кілтінің қайда тұратынын көршілерім біледі. Қажет затын алып, қайта жауып қояды» дейді.
Міне, ар тазалығы, жан тазалығы деген осындай-ақ болар. Ауыл тұрғындарының үшеуі қазақ, үшеуі неміс, 14-і орыс, ал қалғандары – шешен ұлтының өкілдері. Бір қызығы, ауылда ит те жоқ екен. Расында да, қылмыс жасалмайтын, ұрлық-қарлық болмайтын ауылға ит не ке¬рек? Тек медициналық пунктте ғана екпе жасауға арналған 300 грамм спирт сақталады екен. 
Тайынша ауданына қарасты, Теңдік деген ауылда да тұрғындар 2003 жылдан бері арақты ұмытып кеткен. Сол жылы Рамазан айында арақты қою туралы Әбсаттар қажының бастамасына іспен жауап қай¬тарған жұрт той-томалақтың бәрін қымыз-қымыранмен атап өтуді дәстүрге айналдырыпты. 
Өнегелі ауылдың тұрғыны Орынбай Әлжанов ақсақал – осындағы жалғыз қажы. Көшіп келген қандастарға да баспана салып беріп жат¬қан жомарт жан 2001 жылы өз қаражатына 150 орындық зәулім мешіт тұрғызыпты.
«Үй салуға бірталай материал жинағанмын. Сосын «далада отыр¬ғаным жоқ қой» деп ойладым. Үй бар. Жаңа заман келді. Жастарға ру¬хани тәрбие беру керек. Жаңа жолға бағыттау керек. Жасымыз болса келіп қалды. Сол жас ұрпақты тәрбиелеуге осы мешітті салдық» дейді ақсақал журналистерге берген сұхбатында.
Ауылдағы дүкенде арақ атымен жоқ. 12 жылдан бері мұнда темекі, тіпті харам саналатын шұжықтар да сатылмайды. Бұған қарап, «бан¬крот» болған дүкен жоқ, наразылық білдірген сатушыны көрмейсіз. Арақ пен темекісіз де тірлігін жасаған жұрт елімізге үлгі көрсетіп отыр. Осындай озық ауылды, жүйкесі жұқармаған жұртты, өнегелі өмірді насихаттаған әріптестеріміздің қатары көбейіп жатса, нұр үстіне нұр.
Айтпақшы, кейде қисынға келе бермейтін ой да санаға сап ете қалады. Әлсіздіктің әлегімен қоғам болып күресуге әлі де қауқарсызбыз. Неге? 

 Дуанабай Жолдасбек

http://aikyn.kz/articles/view/69102