ӨТЕДІ ӨМІР ДӨҢГЕЛЕП...

ӨТЕДІ ӨМІР ДӨҢГЕЛЕП... Талғат құрдасым кабинетіме іздеп келді. Өңінен абыржудың ізі байқалады.¬ Тамағын кенеп:
- Менің туған ағамдай болған бір жігіт бар. Кезінде тәуір спортшы, жақсы¬ әнші, ақын атанған еді. Соңғы уақытта ішкілікке салынып кетті. Мүмкін ойлануы¬на себепші болар. Сол жайлы жазып  көрсең  қайтеді? - деген  өтінішін білдірді.
Мен келістім. Ол мұңды пішінмен әңгімесін  бастады.
- Біз Ерланға еліктеп өстік. Ол кезде жеміс ағашы тұрмақ тал егу үрдіске айнал¬маған болатын. Ал оның үйінің алдын¬да жасыл желек жайқалып тұратын. Кең ауласындағы хош иісті гүлдер, түрлі жеміс ағаштары бәрімізге таңсық еді. Жеміс піскенде Ерланның үйі хан базарға айналатын. Көшенің бар баласы¬ жиналып, мәре-сәре боламыз. Балалық дегенді қойсаңшы. Құдды ақы-пұлымыз шыққандай жидекке таласамыз. Тіпті жанжалдасып та қаламыз. Ерлан шат¬тана күліп, қоразша қоқиланған балаларды ажыратып жібереді. Ешкімді алала¬майтын. Жидектерді бәрімізге тең қылып бөліп беруші еді. Біз үшін Ерлан әлемдегі ең тамаша жан тұғын. Бәріміз оған ұқсауды армандайтынбыз. Ерлан тәрізді өлең шығарып, ән айтуға, спортпен шұғылдануға тырыстық. Біздің ауылдың біраз баласының өмірден өз орнын табуына, азамат ретінде қалыптасуына сол аяулы ағаның әсері тигені сөзсіз.
Жанарына жас іркілген құрдасым сәл үнсіздіктен соң сөзін жалғады.
- Ерлан мықты боксшы еді. Турникте ұршықша айналып, зілтемірді қаңбақ құрлы көрмейтін, онан естияр жігіттер де сескенетін. Қарттарға ол байсалды мінезі, сыпайы қылығымен жағатын. Бәлкім, менімен жасты інісінің дүниеден ерте өткенінің әсері ме әлжуаз, момын өскен маған ерекше іш тартатын. Бірде бізден әлдеқайда үлкен «қортық Мақсаттың» себепсізден-себепсіз тиіскені бар. Сазайын беруге жанындағы үнемі ішімдік ішіп, ұрынуға қара таппай жүретін жанжалқой сыбайластарынан қаймықтым. Көзімнің оты жарқ етті. Оңбаған қортық күтпеген жерден баспен соқты. Бүк түсіп отыра кеттім. Тұс-тұстан тепкілеп жатыр. Ауырсын¬ғанмен жылауға намысым жібермеді. Кенет... Бәрі тым-тырс тына қалды. Қарулы қол орнымнан сүйеп тұрғызды. Сонда көргенім. Жабылуды дағдыға айналдырған сабаздар әр жерде тезекше¬ шашылып жатыр екен. Күйінгенім сонша жауын құртша домалаған қортықты шірене тептім. Пәтшағардың жаны мұн¬дай тәтті болар ма? Шыңғырып жіберді. Мені құшақтай алған Ерлан «жатқан адамғ¬а қол жұмсау - әлсіздік»  деді нығыз¬ үнмен. Қатты қысылдым.
Әскери-теңіз флотында борышын өтеп келген Ерлан кластасы Кәбирамен бас қосты. Аппақ көйлек киіп, ақ фата салған әсем бойжеткен, сом тұлғалы, бұйра шашты сұлу жігіт көпшілікке ертегін¬ің кейіпкерлеріндей көрінгені анық. Тойдан кейін Ерланды қырсық айнал¬дырды. Төбелестің арасында болғаны үшін жұмыстан босады. Анасы, іле-шала әкесі өмірден өтті. Ерланға тұманды күндер басталды. Арманы күйреп, достар¬ы сырт айналған Ерлан ішкілікке салынды. Мас болып Кәбираны соққыға жықты. Жары түсік тастады. Ажалдан зорға  дегенде аман қалды. Бұл онсызда жоқ-жұқа жігітті менсінбейтін дәулетті қайын жұртына қамшы болып тиді. Ауқатты төркіні қыздарын ажыратып алды. Бауырының күйігіне шыдамаған Ерланның жалғыз қарындасы жүйке ауруына шалдықты. Ерлан осылайша тірі өлікке айналды.
Жуырда мен оны базарда кездестір¬дім. Азып-тозып кетіпті. Сақал-шашы қауғадай. Ұсқыны әбден өзгерген. Өңі көне шүберектей мыж-тыж. Баяғы Ерланнан жұрнақ та жоқ. Кең жауырыны қушиып, темірдей бұлшық еттері арық түйенің өркешіндей салбырап қалыпты. Тостағандай жанарының нұры қашқан. Машинадан жүк түсіріп жатыр екен. Сүрініп кеткен Ерланды балағаттаған шіңкілдеген дауыс маған таныс сынды естілді. Бақсам... Бәрін жұмсап, балағат¬тап тұрған қортық Мақсат екен. Бойымды¬ ыза кернеді. Жағасынан ұстап тіке көтеріп алдым. Жанындағы келіншегі «ағалап» қолыма жармасты.
Әттең, дүние-ай. Кеше ғана сүмеңдеп Ерланның соңынан қалмайтын қортық неме оған тіл тигізеді деп кім ойлаған? Сәлемдескелі қос қолымды созған маған Ерлан суық қарап, «қажет емес» деді жат үнмен. Шорт бұрылып жұмысына кірісіп кетті. Мен іштей егіліп қала бердім. Санамн¬ан Ерланның алмас қылыштай жарқыл¬даған өткен күндері сырғып жатты.¬ Бұл аумалы-төкпелі өмірді қойсаңшы, - деп күрсінген досымның жанарын  жас жуды.
Менің де алқымыма өксік тығылды.
Арада біршама уақыт өтті. Жұмыстан¬ кештеу оралғанмын. Есік алдында су жаңа шетелдік көлік тұр екен. Жол¬дасым: «Үйде қонақтар бар. Талғаттан басқа¬сын танымадым. Сірә, ерлі-зайыптылар болса керек. Сені күтіп отыр», - деді. Ішке ендім. Көзім төрдегі кең жауыр¬ынды жігіт ағасына, оған қатарла¬са отырған аққұба, көрікті әйелге түсті.
Талғат құшақ жая ұмтылды. Екеуміз аман-түгел сұрасып, қауқылдасып жатырмыз.¬
- Аға, мына жігіт өзіңізге сырттай жақсы қанық тілші ініңіз. Достым, бұл  Ерлан ағамыз бен Кәбира жеңгеміз,  - деп шапшаң мінезді құрдасым біздерді таныстырып та үлгерді.
Қонақтарыма зер сала көз тіктім. Ерланның күректей алақаны, салалы сау¬сақтары алып күштің иесі екенін танытады. Самайын ақ шалған Кәбира сабырлы мінезді жан екен. Аялы жанары, қыр мұрыны сұлу пішінін сездірсе, жүзін шиырлаған әжімдер өмірдің ауыр жолының  белгісіндей.
Шәй үстінде «қыл мойынды» ашып құюға ыңғайланған едім.
- Інім, бұл пәлекеттің қарасын құрт¬шы, - деді Ерлан жұлып алғандай. – Атың өшкір арақтың салдарынан шаңырағымды тоз-тоз қылдым. Қаншама жанның жүрегін жараладым. Шалажансар өлікке айналдым. Әрине, кінәлі тек өзім ғана. Кәбираның тағдырын тәлкекке салдым. «Ақымақтың ақылы түстен кейін кіреді». Жасым жер ортадан асқанда зорға тоқта¬дым. Мына Талғат туған інімдей болып  өскен бала еді. Атасына рахмет. Сіздерге жолығып, бар сырымды жайып салыпты. Мақаланы оқығанда жанымды қоярға жер таппадым. Өзімнен тұңғыш рет жиіркендім. Әке-шешемнің бейітіне зияраттап, құран бағыштаттым. Аруақтардан кешірім сұрадым. Талғатқа еріп ауруханаға барып араққа қарсы ем алдым¬. Інім арамыз суынған Кәбираға жолығып, қайта қосылуымызға дәнекер болды. Талғаттың арқасында өмірге қайта оралдым. Қазір өткен күндерімді ұйқыда көрген жаман түстей сезінемін. Мүлде есіме түсіргім келмейді. Талғат бізді өзімен бірге Шымкентке алып кетпекші. Жұмыс, пәтер жайын шешіп қойыпт¬ы. Оған өмір бойы қарыздармын. Тірі жүрсем сенімін ақтармын.
Ерлан ашылып ұзақ сөйледі. Кәбира болса үнсіз егіліп отыр. Ерланды жігіттің нағыз сұлтаны дерсің. Сөйлеу мәнері, ойлау¬ жүйесі аса нық. Ойыма «адамның шалыс басуына тағдыры немесе өзі кінәлі ме?» деген сауал оралды. Тұнжыр күрсіндім. Түн ауа қонақтарымызбен қимай қоштастық. Отбасымызбен шығарып салдық.
Талғаттан қортық Мақсаттың жол апатынан мүгедек болып қалғанын естігенде қатты толқыдым. Сол тебіренісімді сіздермен бөлісуді жөн санадым.

Жұмабек  ТАБЫНБАЕВ,
Қазалы  ауданы

http://www.halyk-gazeti.kz/index.php?option=com_content&view=article&id=4529%3A2015-09-10-04-46-14&catid=3%3A2011-11-18-09-00-35&Itemid=3