Арақ ішпейтін ауыл

Арақ ішпейтін ауылСолтүстік Қазақстан облысында Теңдік деген ауыл бар. Бұл ауылдың тұрғындары 12 жылдан бері ішімдік ішпейді екен. Сондықтан ауылдағы дүкендерден де алкогольды сусындар жоғалған. Қылмыстың көбі әзәзіл арақтың арбауы кесірінен болатыны осы жолы анық көрініпті. Ішімдік ішу тоқтағалы ауылда ұрлық та, басқа қылмыстар да орын алмайтын болған. Ұсақ-түйек түсініспеушіліктерді қариялар сыртан ешкімді араластырмай-ақ өздері шешеді екен.

Ал той-томалақтары тек қана қымызбен аталып өтіледі. Бұл ауылда қазіргі уақытта жүз шақты түтін тұрады. Жастар жергілікті шаруа қожалықтарында жұмыс істесе, үлкендер жағы қолдарындағы азын-аулақ малдарын қарап, күтеді.

Бұл ауылдың арақтан мүлдем бас тарту оқтғасы былай басталыпты. Теңдік ауылында 2003 жылы жаңа мешіт бой көтергенде, ауылдың қариялары арақты мүлдем қою туралы үндеу тастаған. Содан бері ауыл тұрғындары арақты ауыздарына алмапты.

Бізде осы Теңдік ауылында ұсақ-түйек қылмыстар болады. Отбасына байланысты ұрыстар. Оны біз ақсақалдар төрағасымен, ауылдың әкімімімен бірлесіп отырып шешеміз, медиацияға сәйкес, – дейді СҚОТеңдік ауылдық округінің әкімі Рүстем Жұмағұлов.

Ауылдың үлкен өркениетке бет бұруының тағы бір басты себебі – бұл ауылда үш рет Меккеге барып келген Орынбай қажы Әлжанов деген ақсақал тұрады. Осы кісі кезінде, дәлірек айтқанда 90-жылдардың басында Теңдік ауылын тұтастай сақтауға күш салған. Соның арқасында қазір тұрғындардың бәрі жұмыспен қамтылып отыр.

Қазіргі уақытта Қызылжар өңірінде арақтан мүлдем бас тартқан екі ауыл бар. Оның бірі – осы Теңдік болса, екіншісі атына заты сай Мәдениет ауылы. Өркениетті біз көбіне батыс елдерінен іздейміз. Ал нағыз өркениет арақтан бас тартқан осындай ауылдарда. Күні ертең күллі Қазақстан осы ауылдардан үлгі алып, осындай мәдениетке көшсе, бүкіл еліміз де ең өркениетті елге айналар еді.

 

Қанат НҰРТАС

"Шын ақпарат"

http://shyn.kz/article/view?id=2187