ЕМДЕЛ, ҚАЗАҚ!

ЕМДЕЛ, ҚАЗАҚ!Мəні жоғалмаған мақала:

 

 

Марат ҚАБАНБАЙ,
жазушы

Құдай-ау, қай жылы екені анық есімде жоқ, тымау тиіп, мұрын бітіп, вокзалда пойыз тосып, шаршап отыр ем:
– Әй, ауру! – деген сөз өңменіме оқтай қадалды… «Әй, ауру!»-ы осы мен емес пе?» – деген оймен селк етіп, мойын бұрсам… милиционер вокзалдың бір сүлделер сүмірейіп жүрген қаракөлеңке бұрышына кәрлене көз тігіп тұр. Дегенше:
– Саған, иә, саған айтам! Бермен кел, кәне! – деп әкіреңдеді сержант мырза. Бұрыштан аяғын сүйрете басып, біреу бері шыға берді. Киімі қасқыр тартып кеткендей алым-жұлым, ескі бәтеңкесі «тамақ сұрап» аузын ашып тұр: алжа-алжа өңіне қарап, қай жас, қай ұлт екені айырғысыз. Өлген қойдың көзіндей жанарында жылт болса бұйырмасын. Бетінің кіріне бес ит тойғандай. Қолында – кір-кір жолқапшық, тағы бір асай-мүсейлер.


– Қараңды батыр демедім бе мен са­ған кеше? Үшінші күн, міне, бөтелке теріп, ішіп жүрсің! – деп сержант тағы дікілдеді.
– Міне, билет! Қазір кетемін, нашандік! – деп құлдық ұрды әлгі жазған. Құрып кеткірің, құдай ұрғанда, қазақ екен.
– Түске дейін жоғалт көзіңді. Әйтпесе, айтпады деме, темір торда тірідей шірітемін!
– Ләппай, нашандік! Осы қазір…
Ине жұтқан итше имиіп кетіп бара жатқан пақырдың соңын ала:
– Шынымен… ауру ма? – деп қалдым есепсіз таң қалып.
Погонды мырза маған көзінің аласымен қарады.
– Одан да жаман… Маскүнем. Алқаш! Бұрынғы ғылым кандидаты. Үй-күйсіз, қазір. Туыстарын іздеп, қаңғып барады. Көрсем болды, намыс­тан жарылып өліп кете жаздаймын. Жақсы ит өлігін көрсетпейді, со құрлы жоқ…
Мұны бүгін неге айтып отырмыз?
Ол кезде көшеге шығып кеткен «аурулар» қазақта бірен-саран еді. Оларды көрсек, сержант айтпақшы, албасты көргендей, намыстан өле жаздаушы едік. Қазір намысты қойдық. Қайсыбіріне намыстанасың, осы күнде не көп, адамдықтан кеткен қазақ көп! Себептері – сан алуан. Сенбесеңіз, сасық сыраханаға, наркодиспан- серлерге кіріп көріңіз: маймыл мен адамның арасында қалтаңдап жүрген қандастарға көз сүрінеді. Бұл міскіндер базар-базарды да «жаулап» алған. Араларында әйелінің бір киерлік шұлығын ұрлап сатып, басын жазып жүргендер де бар. Үй асты, ұраларда өліп жатқандары қаншама. Неге ішті, қалай маскүнемге айналды – ол жағы бір-бір роман.
Ауыл-ауылдағы той-тоймалаққа барып көріңіз. Әкесі баласымен, келіні атасымен, атасы немересімен жарысып ішеді. Оны және мақтан көреді, байлық-шайлық деп түсінеді. Кейде тойдың арты топалаңға, қан төбелеске, ол адам өліміне ұласады. Ол да мақтан, «Той қызық өтті…» Тойдан кейінгі студент, жұмысшы жатақханаларындағы «вечерден» соңғы түнгі төсектен туған сәбилердің алды – жынды, есалаңдар үйінде, арты – жетімханада. Қысқасы, қазір қазақтың басым көпшілігі арақ пен шараптың тасқынына тоғытылып, тұншығып жатыр. Ащы болса да ақиқат осындай.Ата-бабамыз «жынды су» деп жиіркенген, дастарқанға көш жерден жолатпаған уды қала да, дала да бөтелкелеп, жәшіктеп сімірген үстіне сіміруде. Қала көшелерінде, базар-базарда күндіз бетімен кеткен мас қандас(«қазақ» деуге ауыз бармайды)жігіт, қыздар ауыздарынан боқтық арылмай, төбелесіп, өзге ұлттарға күлкі болып жатса, студент, жұмысшы жатақханалары түнгі жын-ойнаққа, сыраханалар мен шарапханалар қазақтың «жасыл жайлауына» айналғанына қашан. Ұлтымыздың келешегі, болашағы деп санайтын ауылды да осы дерт меңдетіп барады.Ең сорақысы, бұл күнде балаларымыздың анасы – қыз-келіншектер, ұлтымыздың ең асыл касиеттері мен салт-дәстүрлерін көздің қарашығындай сақтап, келер ұрпақтың бойына сіңіреді деп жүрген кейбір қарттарымыз да жастармен қосыла жарысып ішеді. Есебі, арақ ұлтымыздың екінші тамағына айналды, арақты дастарқан үсті мен қазақтың қасиетті төріне шығарып үлгірдік.
Нәтиже – күткендегідей. Қазір айықтырғыштар мен наркодиспансерлер қандастарымызға, жетімдер үйі тастанды қаракөз сәбилерге, қариялар үйі қазақтың бағу-қағусыз кемпір, шалдарына лықа толы.Мас әке мас баланы бауыздап, «іштен шыққан шұбар жылан» бала атасы мен әжесіне қол жұмсайды. Арақ улаған қыз-келіншектеріміз абыройынан айырылып, кім көрінгенге мазақ болып, есі барлары басқа ұлттардың ішпейтін жігіттерінің етегінен ұстап кетіп жатыр. Шын мәнінде арақ жеңісті шабуылға шығып, ұлтымызды торғайдай тоздырып, мына басқа түскен дағдарыс тұсында таза жалмауға айналды.Кезінде солтүстіктің аз халықтары ішімдіктен азып-тозып, құруға айналды дегенде әмбе аяп, әмбе күлуші едік, енді сол апат өз басымызға айналып келгендей. Жалғанның жартысындай жерге ие аз қазақта жыл асқан сайын бала өлімі өсіп, сәбилер саны құлдырап кеміп барады.«40 градустық махаббаттан» туғандарының көбі есалаң, кемтар болып, тұқымқорымыз (генофонд) бұзыла бастады. Барымызды бөтелкеге жұмсап, кедей, жарлы-жақыбайға айналдық. Айналған емей немене, бай, бар елдерден қол жайып, қайыр сұрай бастадық. Шаңырақ шайқалды деген осы.
Ішкіш ұлт біреуін екеу, екеуін сегіз етіп, мал баға ала ма, егін егіп, ел мен жерін қорғай ала ма? Экономикасын нығайтып, бала өсіріп, мәдениеті мен өнерін дамытып, рухани дүниесін байыта ала ма? Тілін, тінін, ділін, дінін сақтай ала ма? Әрине, жоқ! Тіл – ақыл-ойымыздың көрінісі болса, шыбын жанымыздың ұясы ұлтымыздың тұла бойы. Тұла бойын у алған, тілін шайнап, аузына не келсе соны көкіп сөйлеп, қан базардың қақ ортасында тәлтіректеп тұрған қайыршы қауымға кім сәлем береді, кім сыйлайды? Ащы да болса айтайық, бүйте берсек көп ұзамай-ақ нақ туған жерімізде төрдегі басымыз табалдырыққа жетеді. Егер, жетіп үлгермесе…
Сөз жоқ, араққа бас қою кеңес империясының тұсында басталып, өршіді. Қайта-қайта қырылып, не ғаламат өзгерістерге ұшырап, жер мен малдан қос қабат айырылып, сау басымыз саудаға түсті. Өстіп есі шыққан, көз мұнартқан, бас айналған шақта күйіктен суат екен деп сайтанның суына бас қойдық.Бірақ, ішкеннің жөні осы еді, ішкенде өле іш деген кім бар еді бізге? Өле ішкен деген не, шет жағалап жоғарыда айттық. Талай-талай дарын мен талантымызды арамыздан ажалынан бұрын арақ алып кетті. Бұдан ұлттық ақыл-ойымыз бен асыл өнерімізге қаншалықты зиян келіп отыр десеңізші! Ал, арақ ішпеген, әлі де ішпейтін өзге түрік жұртының белді-белді елдері – өзбек, түрікмен, әзірбайжандардың бәсі бізден жоғары.
«Бүгінгі нарық қабырғамызды қайыс­тырып тұр, қазір сол қиындықты көтере алмай ішеміз» десек, оны бәріміз де басымыздан молынан кешіріп жатырмыз. Одан өлгеніміз жоқ.Рас, қала мен ауылда жұмыссыздық жайлай бастады, жасырмаймыз, тілін тістеп, аш отырғандар да бар. Дағдарыс пен жұт ең алдымен қазақтың алдындағы асын тартып алып, үстіндегі тонын шешіп алып жатыр. Бірақ, бұл қиямет-қайымды еліміздегі басқа халықтар да басынан өткеруде. Азамат соғысы, тәркілеу тұсында, кешегі жаһан соғысы кезінде, одан кейін де бір бидайды бөліп, бүтінін жарып жеп, елбесіп-селбесіп күн көрдік емес пе. Ол кез бұл заманнан ауыр тимесе жеңіл болған жоқ. Ең бастысы — бейбіт, ынтымақты өмір сүріп жатырмыз. Қысқасы, әуе ашық, жер жазық. «Көппен көрген ұлы той» деген дана ата-бабамыз. Әйткенмен, олар сол ұлы тойды «арақ пен шарап тойына айналдырыңдар» деп өсиет айтып кеткен жоқ. Мынау сын-сынақ, тар жол, тайғақ кешу тұсында қарманып, күн кешкеннің орнына, жабылып арақ ішсек, айтпады демеңіздер, бөтелкемізбен қоса жолда домалап қаламыз. «Әлем өркениеті» атты ұлы көштің тілемсек, жетім ботасына айналатынымыз хақ.
Биылғы жыл – Отанымыз үшін шешуші жыл. Саясатшылар, экономистер солай дейді. Ендеше, осынау талмау тұста заманға бейімделейік, белді бекем буып, білек түріп, еңбекке араласайық, сауда жасап, ілім-білімге бас қояйық.Арақ-шараптайын әзәзілді арамыздан аластап, «Өзіңмен қоса құры!» – деп, алды-артына бір уыс топырақ шашайық. «Жасыл жыланмен» арбасудан мүйізіміз шығатын болса, ендігі қарағайдай болар еді. Ұқсата білсек, қазақ дастарқаны онсыз да көл-көсір. Әлі де көңіліміз кең, ниетіміз түзу. Адыраңдаған арақтың орнына қымыз бен шұбатымызды қойып, сары май, айран, ірімшік пен құртымызды, бауырсағымызды шашып тастайық. Түйе сауып, бие байлайық, денсаулықты түзейік. Ол үшін, ең алдымен, қазағым, қайран жұртым, ауырған мыңды-дыңғы басыңды жаз, арақпен емес, еңбекпен, тер төгумен жаз! Оған жазылмаса, емдел! «Мың асқанға бір тосқан!» дейді халқымыз. Мың рет өлтірген арақтың алдына қоятын бір-ақ тосқауыл бар: ол – ішпеу.Қазақ іше алмайтынын, ішсе көтере алмайтынын айдай әлем алдында жеткілікті-ақ дәлелдеді. Жер-жерде абыз ақсақалдар кеңесін құрып, араққа қарап, аузын ашқандарды талқыға салайық, онсыз да жер болған ол жазғандарға ақы­рып-жекіре бермей, көптеп көмек­тесейік, қатарға қосайық. Олар да – ұл­ты­мыздың адасқан ұлдары, өз төліміз. Сөйтіп, темекі ыстаған, арақ сасыған бық­сық коммерциялық дүңгіршектер мен құжыралардан таза ауаға, Тоныкөк пен Білге қаған, Алпамыс пен Ер Тарғын, Абылай мен Абай, Шоқан мен Махамбет, Ахмет, Мағжандар тыныстаған таза ауаға шығып, кеуде кере еркін тыныстайық.Ата-баба, аруақ мына кең даланы темекі мен арақ сасытып, тоз-тозын шығарсын деп бізге тастап кеткен жоқ, басқа ел мен ұлттарға ұрпағым күлкі болсын деп қан төккен жоқ, «Қалың елім, қазағым, бақуатты, бақытты өмір сүрсін!» – деп түн қатып, түсі қашып, қан құсты, ат жалын құшты. Бақыт, байлық және арақтың басы бір қазанға екі дүниеде сыймайды. Ендеше дәтке қуат етіп, ес жиып, ұл-қыз азбасын, тұқым тозбасын десек өз-өзімізге келейік. Емделейік, жазылайық.

1994

Сурет http://ult.kz/?p=15260

http://akikat.kazgazeta.kz/?p=5685