Қарағандыда Ресей азаматынан 40 келі героин тәркіленді

Қарағандыда Ресей азаматынан 40 келі героин тәркілендіАстана. 22 қыркүйек. Baq.kz – Қарағандыда тәртіп сақшылары ресейлік азаматтан 40 келі героин тәркіледі деп хабарлайды Tengrinews.kz облыстық прокуратураға сілтеме жасап. Күдікті есірткі затын қырғыз азаматынан сатып алғанын айтыпты.
Қарағанды полициясы есірткі саудагерлерін ұстау мақсатында арнайы операция жүргізген. Нәтижесінде екі шетел - Ресей мен Қырғызстан азаматы қолға түсті. Прокуратураның мәліметінше, облыстық және қалалық ішкі істер органдарының есірткі бизнесімен күрес басқармасы мамандары Қарағанды қаласындағы Гапеев көшесінде "Ниссан" маркалы көлікті тоқтатқан. Тексеру барысында оның салонынан 36 мың доллар салынған сөмке табылыпты. Көліктің тізгінінде болған қырғыз азаматы бұл ақшаны героин сатқаны үшін алғанын айтқан.
"Полиция өкілдері сатып алған адамды анықтап, оның соңына түсе білді. Күдікті ресейлік азамат Lada Priora көлігімен Қарағандыны тастап шықпақ болғанында қолға түсіп отыр" делінген прокуратура таратқан хабарламада.
Көлік салонынан екі сөмке табылды. Олардың ішіне 40 келі героин жасырылғаны анықталған. Қазір қолға түскен екі шетелдік уақытша ұстау абақтысына қамалып, тергеу жұмыстары жүргізілуде.