Арал ауданында сора өсірумен айналысқан 3 азамат ұсталды

Арал ауданында сора өсірумен айналысқан 3 азамат ұсталдыРеспублика аумағында 2015 жылдың 01 маусым – 30 қазан аралығында жүргізіліп жатырған «Көкнар» жедел-профилактикалық шарасы барысында қызылордалық полицейлер Арал ауданы, Жіңішкеқұм елдімекенінен шығысқа қарай 45 шақырым жерде есірткі затына ұқсас өсімдік өсіп тұрған 5 алқапты анықтады.
 
Ағымдағы жылдың 29 шілдесінде сағат 21.30 шамасында өсіруге заңмен тыйым салынған 3704 түп сора өсімдігін күтіп-баптап жатырған жерінен 57 жастағы, 45 жастағы және 32 жастағы үш азамат ұсталды. Тексеру барысында, аталған өсімдіктің жалпы салмағы 3 тонна 333 кг-ды құрайтындығы белгілі болды. Сонымен қатар, сезіктілердің жатын орындарына тінту жүргізу кезінде, аталған аумақта орналасқан күркеден жалпы салмағы 28 кг.- ды құрайтын 77 түп кептірілген сора өсімдігі анықталды. Анықталған айғақ заттарға психотроптық заттар мен прекурсорларды зерттеу сот-сараптамасы тағайындалды. Қазіргі таңда, аталған үш азаматтың үстінен Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 300-бабы, 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Үш азамат та уақытша ұстау абақтысына қамаққа алынды.

Автор Айдос Аман

http://kogamtv.kz/aral-audanynda-sora-%D3%A9sirumen-ajnalys%D2%9Ban-3-azamat-%D2%B1staldy/