Жан талпынар талайды көрмек үшiн

 
 
 
 
 
«Басында жан мен дене екi басқа,
Жан шыдап тұра алмайды қозғалмасқа.
Дене сауыт сықылды жанның орны,
Оған да күту керек бұзылмасқа»
 
Шәкәрім

Таяуда әлеуметтік желілердің бірінен мемлекеттік «Болашақ» бағдарламасына құжаттарын тапсырған бірнеше жастың пікір-таласын оқып қалдым. Онда бір үміткер «ақыл-есі дұрыс» деген анықтаманы алу үшін өзінің қорқа-қорқа «психбольницаға» қалай барғанын жазады.
Алматыдағы Каблукова көшесінде орналасқан «жындыханаға» кіргеннен аяғы дірілдеп, темір тормен қоршалған ғимараттағы адамдарға үрке қарап, анықтаманы алып шыққанша жанын «шүберекке түйгенін» баяндайды. Соңында, ешкімді онда баруға жазбасын, ол бір «тозақ» деп аяқтайды.

Бізде расында мүмкіндігі шектеулі адамдарға «жынды» деп қарап, олар емдейтін мекемені «жындыхана» деп атау әбден санаға сіңіп кеткен. Олардың сауығып кету мүмкіндігіне күмәнмен қарап, қоғамнан бөліп тастаймыз. Мұнда кеңестік жүйе салып кеткен із жатыр. Бірақ Қазақстандағы психоанализ қауымдастығы бұл құбылысты өзгертуге өздерінше атсалысуда. Олардың қазір де алдарына қойып отырған мақсаттарының бірі – шетелдегідей «психбольницаларды» жойып, оның орнына мүмкіндігі шектеулі адамдарды әлеуметтік ортаға бейімдейтін арнайы клубтар ашу. Мұндай жоба бүгінде Алматыда және Қостанайда тәжірибеден өтуде.
Таяуда Алматыда жазғы психоанализ мектебі қызықты бір зерттеу жүргізді. Голландиядан келген психосарапшы Дирк Ден Холландер мырза бірнеше жылдар бойы психиатрия клиникасында жатқан аурулардың CARe әдістемесі бойынша сауығып шыққаны жөнінде деректер келтірді. Соның бір мысалы – Голландияның Әділет министрі кезінде 15 жыл психиатрия клиникасында ем қабылдаған, қылмыстық топтың жетекшісі болып, 10 жылын түрмеде өткізген екен. Бүгінде ел басқарған тұлға. Қазақстандық психосарапшылар да психикалық ауытқушылығы бар емделушілерге арнайы көңіл бөлсе, олардың арасынан да болашақта әлемге танымал данышпандар шығып қалар деп үміттенеді.
Жалпы, тек қана жүйке ауруымен ауыратындар ғана емес, дені сау адамдар да жанына шипа іздейді. Батыста адамдардың күйзеліс кезеңінде психологқа қаралуы қалыпты жағдай. Ал қазақ қоғамында әлі күнге дейін маманнан гөрі бал аштырып, көріпкелге баруды құп көреді. Жазғы психоанализ сабағы барысында шетелден келген ғалымдар мен қазақстандық психосарапшылар қатысушыларға қызық тәжірибе жасады. Түскі және кешкі ас жүйке ауруын емдейтін мекемелердегідей кезекпен берілді және тамақты күтушілердің өздері үлестірді. Әр табаққа бір қасықтан тамақ құйды. Алғашқы кезде жапа-тармағай бәрі бірінші болып, тамақ алуға ұмтылды. Кезектің не басы жоқ, не аяғы жоқ түсініксіз күйде қалды. Мұны Франциядан келген юнгиандық психосарапшы Норберт Шатиллон ұжымдық бейсанадағы үреймен байланыстырады. «Аш қаламын деген үрей». Жалпы, психоанализ ілімінің негізін қалыптастырған Зигмунд Фрейд те, оның шәкірті болған кейін архетиптік бағытын дамытқан Карл Юнг те адамзат дамуындағы ең қасіретті кезең деп Сталин мен Гитлердің басқару жүйесін айтады. Адамның жеке тұлғалық қасиетін дамытуды тежеп, жаппай ұжымдастыру арқылы құлдық сананы қалыптастырған. Айтпақшы, қазіргі жастардың әсіре дінге бет бұрып, түрлі секталарға кіріп кетуінің негізгі себебі де осы – үрей. Бұл туралы АҚШ-тағы Техас штаты Техас А&M университетінің профессоры, психолог Памела Брюльяр ханым жан-жақты түсіндіріп берді.

Жастардың радикалды дінге бет бұруы – ішкі үрейдің әсері


Памела Брюльяр ханым – ұлтаралық қарым-қатынасты, этникалық түйткілдерді зерттеуші психолог. Жазғы психоанализ мектебіне Қырғызстаннан, Тәжікстаннан да психологтар келген. Қазақстандағы өзекті тақырыптардың бірі – жастардың радикалды дінге бет бұруы, секталарға кіріп кетуі, соның салдарынан қаншама шаңырақтың шайқалуы – олардың да басын қатырып отырған мәселелер. Памела ханым бұл жағдайдың тамырын кеңестік жүйеден іздейді. Тоталитарлық жүйе ұлттардың дәстүріне, мәдениетіне, дініне, тіліне қатаң тыйым салған кезде адам жеке тұлға ретінде дамудан қалады. «Ішкі мені» жоғалып, оның орнын Зигмунд Фрейдтің тілімен айтқанда, супер эго басады. Ол адамға үнемі бақылау жасап отырады. Яғни адам үнемі үрейде өмір сүреді әрі өзінің жеке қабілетіне сенуден қалады, ол одан әрі жоғарыдан бақылайтын қожайынсыз өмір сүре алмаймын деп ойлайды. Кеңестік жүйе құлағаннан кейін «Ішкі мені» жоғалған, тек қатаң бақылауға бағынған адамдар өздерін бірден еркін сезіне алмайды. Олардың бойын үнемі үрей билеп тұрады. Сол себептен ол адамдар екінші бір қорған іздейді. Олар түрлі секталар, радикалды діндер болып келеді. Онда жоғарыдан басқаратын қатаң тәртіп болады. Соларға бағыну арқылы өздеріне «қорған» табады, – дейді Памэла ханым.
Бірақ бұл Құдайға сенбеу керек деген сөз емес. Керісінше, әр адамның ішкі жандүниесінде сенім артатын жаратушысының болуы оның дамуына, өзін қауіпсіз сезінуіне жағымды әсер етеді. Ал жастарды радикалды түрлі секталардан құтқарудың бірден-бір жолы либидоның сублимациялануы. Яғни қарапайым тілмен жеткізсек, адамның жеке қасиеттерін, қабілеттерін ашу. Оларды бала кезінен спортқа, өнерге, ғылымға баулау. Ең бастысы, балаға ата-ананың жылы сөзі, махаббаты керек.

Әйгілі голливудтық «Ақыл ойыны» фильмі экономика саласындағы Нобель сыйлығының иегері Джон Форбс Нэштің өмірбаяны желісі негізінде түсірілген. Ал оған дәрігерлер параноидтық шизофрения деген диагноз қойған. Бірақ Нэш отбасы мен айналасындағылардың қолдауы арқасында әлемге танымал тұлға болды. Сол сияқты атақты суретші Ван Гог аутизм ауруымен ауырған.
 
Жұлдыз ТӨЛЕУ

Түйін

Жоғарыда мысал келтірген «Болашақ» бағдарламасына үміткерлер конкурстан өтіп, шетелде бірнеше жыл білім алып келген соң, әлеуметтік желідегі жазбалары үшін ұялатынына кәміл сенемін. Себебі Англиядағы өмір менің де көзқарасымды түбегейлі өзгертті. Мысалы, онда мүмкіндігі шектеулі адамдарды күнделікті қоғамдық орындарда, дәмханаларда, барда, барлық жерлерде жиі кездестіресің. Олардың да сыраханаларда өзге адамдармен тең саптыаяқ соғыстырып, сыра ішіп отырғанын көресің. Көзің үйренеді, оларды қабылдайсың.
 
http://jasqazaq.kz/2014/09/05/zhan-talpynar-talaydy-krmek-shin.html