ПСИХОЛОГ – ЖАН ӘЛЕМІНІҢ БАҒБАНЫ

ПСИХОЛОГ – ЖАН ӘЛЕМІНІҢ БАҒБАНЫ«Ең күшті қару – психологиялық қару»… Ал психологиялық тұрғыдан әлсіз адам үнемі мықты болып жүре алмайды. Дегенмен, адам күйзеліске түсіп, өзін-өзі жеңе алмай жатқан кезінде психологтың кеңесіне жүгінгені дұрыс. Өйткені, психолог шыныңды да, сырыңды да айтқыза білетін бірден-бір маман иесі. «Сүрініп кетсең, қайта тұруға қақыңның бар» екеніне дұрыс бағыт сілтейтін де – сол «жан әлеміне саяхат» жасаушылар екені рас. Осы орайда біз психологияға қатысты сауалдарымызға жауап алу үшін «Психоанализ» орталығының вице-президенті, психоаналитик Зубайда Төреқызы КЕНЕНБАЕВАМЕН әңгімелескен едік.

– Зубайда Төреқызы, өзіңіз қызмет атқаратын «Психоанализ» орталығы жайында айтып берсеңіз…

– Әңгімемізді әріден бастасам, 1997 жылы Мәскеу институтын Қазақстан бойынша 14 студент тәмәмдадық. Біз психолог дипломына ие болған алғашқы түлектерміз. Міне, сол кезден бастап алдымызға мақсат қойдық. Алған білімімізді іске асырып, жалғастырмақ оймен диплом қорғаған күн – 8 тамызды Психоанализ күні деп атадық. Сөйтіп, 2002 жылы ассоциацияны, одан кейін осы орталықты аштық. Мекен-жайымыз Саин – Шаляпин көшелерінің қиылысында орналасқан. Біз түрлі қайырымдылық қорларымен, «Сорос» қорымен іскерлік байланыста жұмыс істедік. Жеткен жетістіктеріміз жаман болған жоқ.
Кейбір жандар психолог – балгер немесе сиқыршы секілді, ол маған бәрін айтып береді деп ойлайтын көрінеді. Бұл қате түсінік.

– Жөн екен. Дегенмен, қандай бағытта жұмыс жүргізесіздер?

– Біз, негізінен, психикасы бұзылған жастармен жұмыс жасаймыз. Мәселен, бізге 18-20 аралығындағы жүйкелерінде ауытқушылық байқалған он бес шақты жас келіп жүр. Күнделікті сол жастармен әңгімелесе отырып, оларды өмірге бейімдеуге тырысамыз. Бүгінде олардың ата-аналары «балаларымыз өзгерді, нәтижесі жақсы» деп ризашылықтарын білдіріп жатыр. Жүйкеге шамадан тыс салмақ түскенде адам күйзеліске ұшырайды. Ал күйзеліс – жүйке ауруларының бастауы. Сондықтан, психикасы бұзылған жандарға көмектесу – біздің басты міндетіміз. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, дәрігерлермен, психиатрлармен біріге жұмыс істесек, біз көптеген мәселенің түйінін шешкен болар едік. Сондай-ақ, түрлі сәтсіздіктерден стресс алып, депрессияға түскен жеке тұлғаларға «психолог кеңесі» берілетінін де айта кеткім келеді. Айтпақшы, орталықта айдың соңғы жұмасында тегін қабылдау өтіп тұрады. Ол үшін біз алдын-ала ғаламторға фейсбук, «Мой мир» арқылы хабарлама жібереміз. Келем деушілерге есігіміз әрқашан ашық.

– Кейде маған адамның бәрі қатыгез, жүйкелері жұқарып кеткендей болып көрінеді. Осы орайда Алматы қаласы тұрғындарының жалпы психологиялық ахуалын сипаттап беріңізші.

– Алматы – үлкен мегаполис. Сондықтан, халықтың жалпы психологиясы осындай деп дөп басып айту қиын, әрине. Өйткені, бұл жерде білімі жоғарылар да, білімі төмендер де бар. Жұмыс істеп жүргендер де, жұмыссыз жүргендер де бар. Тіпті, өзінің қаласы үшін, өзінің елі үшін еңбегін сіңіріп, жанып жүрген адамдар да бар. Және өзін ғана ойлап, мен ғана жақсы болып, мен ғана елден асып кетуім керек деген «эгоистер» де бар. Сондықтан  психологиясы мынандай деп біржақты пікірге тоқталу қиын.

– Дегенмен, қала тұрғындарының психологиялық жағдайына салмақ салады деп нені меңзер едіңіз?..

– Алматылықтар үшін, әрине, табиғат аясында демалу өз алдына, тіршілік нәрі – тұнық сумен шөл қандырып, таза ауамен тыныстап жатса, артық болмас еді-ау. Ал біз ше? Біз үнемі бір шеңбердің ішінде жүргендей күй кешеміз. Үй де, жұмыс та бір аядай бөлменің ішінде өтеді. Құрбы-құрдаспен, ағайынмен араласуға уақыт жоқ. Күнделікті күйбең тірлік. Балаларды мектепке апарып-әкелу, қала көшелеріндегі кептелістер, тағы-тағылар… Міне, осының бәрі қалалықтарға психологиялық жүк емес дей аласыз ба?

– Осы тұста әлеуметтік топ – зиялы қауым өкілдерін, ардагерлерді және жастарды не мазалайды? Жіктеп айта аласыз ба?..

– Зиялы қауымның Қазақстанға беретіні көп. Бірақ, көбінесе сұраныссыз қалады. Оларды «халқыма, еліме беретінімді беріп, еңбегімді сіңіре алмадым» деген ойлар мазалайды да, ондай жандар көбінесе депрессиялық жағдайда жүреді. Ал жастар депрессияда емес, жастар стрессте жүр. Бізде ізденетін, қазақ-орыс тілдерінен басқа, түрік, ағылшын, қытай сияқты бірнеше тілді білетін білімді жастар өте көп. Жақында бір кездесуде болдым. Шет елден келген маманмен жастардың барлығы ағылшынша таза сөйлесіп отыр. Сөйлесе алмай отырған біздер, 45-50-ден асқан 5-6 адам ғана. Мен сонда «жеті елдің тілін білудің» не екенін тағы бір мәрте мойындағандай болдым.

– Адамда өз өміріне арналған бағдарлама болуы тиіс қой. Расымен де, қолында дипломы бар, алға қойған мақсаты мен ұмтылысы жоғары біздің жастар неге стрессте жүр?

– Олар жастыққа тән іскерлік қарым-қабілетпен жұмыс іздейді. Бірақ, барлығы дерлік таппайды. Өйткені, жұмысқа тәжірибең керек! Ал ЖОО-ны жаңа бітірген маманда қандай тәжірибе болсын?!. Олар тәжірибені сол барған жерінде алуы керек емес пе?! Мәселен, шетелдік «Проктер энд гембл» деген компания жұмысқа тәжірибелі маманды емес, керісінше, тәжірибесі жоқ адамды алады екен. Неге? Өйткені, «өзіміз үйретеміз» дейді. Яғни, олар өздеріне қандай маман қажет болса, сондай мамандықтың қыр-сырына үйретеді. Кейіннен сол мамандар компанияға жанын беріп жұмыс істейтін көрінеді.

– Бізде қалай деп айтар едіңіз?

– Біздің жастар жұмыс таппай қиналады. Мәселен, экономикалық жоғары білімі бар жас мамандар мамандығы бойынша жұмыс таппаған соң, «екі қолға бір күрек» деп кездескен жұмыс пен мардымсыз жалақыға жұмыс істеуге мәжбүр. Одан кейін олар отбасын құрады, баспана жоқ. Заманына сай киінгісі келеді, бірақ, қол қысқа. Осылайша біздің жастар өмірін стреспен бастайды.

– Ал  ардагерлер жайлы не айтар едіңіз?

– Меніңше, ардагерлерді болашақ ұрпақтың қамы ғана мазалайтын секілді. Олар біздің келешегіміз үшін жанын шүберекке түйіп, елін қорғады. Әйтсе де, олардың өз ортасы бар ғой, қатарластарымен өткенді еске алып, әңгіме-дүкен құрып дегендей… Әрине, үйдегі немерені бағу бір бөлек те, бір уақыт өзін қоғамның мүшесі ретінде сезіну бір бөлек. Алайда, олар өздерін елеусіз қалғандай сезінеді. Өйткені, біз тек Жеңіс күні қарсаңында ғана еске алып, құрмет көрсетуге асығып жатамыз. Үнемі солай… Бұрындары мерекесіз-ақ ардагерлер кездесулерге барып, түрлі кештердің қонағы болып, елінің елеулісі екенін сезінуші еді, қазір ондай шаралар жоқтың қасы. Әйтсе де, ақсақалдардың болашақ ұрпаққа берер тәлімі мен тәрбиесі бізге қажет-ақ. «Қарты бар үйдің – қазынасы бар». Сондықтан олар өз білгендерін жастарға үйретіп, ақыл-кеңес беруге ұмтылып тұрса, құба-құп болар еді. Ең болмаса, балалар үйлеріне барып, жетімектің маңдайынан сипағанының өзі мейірім шуағын шашады емес пе?!.

– Жуырда теңгенің құнсыздануы мен банктердің жұртты әбігерге салғаны өзіңізге белгілі. Сондай сәттерде қалың бұқараның психологиялық дағдарысқа ұшырауы мүмкін бе?

– Әрине, дағдарысқа ұшырайды. 14 ақпан күні осы жағдайларға байланысты біз ғаламторға «Дағдарысқа ұшырап, қиналып жүрген адамдарға көмектесеміз» деген хабарлама жасадық. Жасыратыны жоқ, стресс алған біраз адам келіп, біздің көмегімізге жүгінді.

 – Бүгінде психолог мамандарына деген сұраныс өте көп. Бірақ дер кезінде сіздерді таба алмай жатамыз… Бұған не себеп?

– Насихат аз деп айта алмаймын. Тек ізденіс жоқ. Алайда, біз тегін жұмыс істейтін болғандықтан, ақпаратты тек ғаламтор арқылы ғана жариялаймыз. Басылым беттеріне, теледидарға жарнамалауды қалтамыз көтермейді. Халықтың барлығы дерлік компьютер алдында отырмайды ғой. Сондықтан ғаламторды көп пайдаланса, онда халық бізді еш қиындықсыз-ақ тауып алар еді. Біздің орталықтың психологтары шақырған жердің бәріне уақыт тауып баруға тырысады. Мінеки, бұл да жарнаманың бір түрі. Біз үшін сұраныс көп болса, жарнама деген сол.

– Айтпақшы, психологияға қатысты дүкен сөрелерінде орыс тіліндегі кітаптар қаптап тұр. Бірақ, қазақ тілінде жоқ. Неге?

– Оның барлығы тағы да қаражатқа келіп тіреледі. Зерттеу-зерделеусіз бірсыдырғы оймен кітап шығаруға болмайды. Психология түрлі зерттеулерді қажет етеді. Ал зерттеп, оны кітап етіп басып шығару қиямет-қайым. Міне, осыдан-ақ бағамдай беріңіз. Сіз айтқан жаңағы кітаптар кеңес заманында шығып үлгерген шетелдік басылымдар. Олар сол құндылықтарын қайта өңдеп шығарып жатса, біз қаражат аз кететін зерттеулермен ғана шектелеміз. Яғни, анкета, тесттерден әрі аса алмаймыз. Дегенмен, сұраныс болса, аударма шығарумен айналысу жоспарда бар. Бірақ, біз оларды сұранысқа байланысты ғана шығаратын боламыз.

– Білуімше, сіздерге өзге ұлт өкілдері көп келеді екен. Ал психолог кеңесіне жүгіну біздің ұлттың өкілдерінде қаншалықты дамыған?

– Егер осыдан оншақты жыл бұрын қазақтар психолог деген ұғымнан ат-тонын ала қашатын болса, қазір олай емес, көзқарас өзгерді. Бізге Алматыдан ғана емес, басқа қалалардан, ауылдан келетіндер де бар. Мәселен, менің алдыма келетін оншақты адамның ішінде бір орыс, бір корей өкілі ғана бар. Қалғандары – қазақ.

–  Меніңше, көптеген жұрт психологқа барудан қорқақтайтын сияқты…

– Дұрыс айтасыз. Бұған себеп – адамдардың ішкі дүниесіндегі үрей. Сол қорқыныш оларға мүмкіндік бермейді. Өйткені, психолог пен психиатр өте ұқсас ұғым болғандықтан, оларды «егер мен психологқа барсам, ауру болып шықсам, басқалар қандай көзқараспен қарайды?» деген санадағы емес, бейсанадағы үрей мазалайтын секілді. Міне, сондықтан психологқа ауру адам емес, сәтсіздікке ұшыраған адам келеді. Ал дені де, жаны да сау адам ғана қоғам өмірін алға жылжытатынына мен бек сенімдімін.

– Психолог мамандығында бөріктілер аз деп ойламайсыз ба?

– Біздегі психология мамандығы педагогикалық институттарда ғана оқытылады. Сондай-ақ, онда психолог-практик деген маман дайындамайды, бізде психолог-педагог деген мамандық қана бар. Яғни, ерлер педагогика саласына аз баратынын өздеріңіз де білесіздер.  Ер адам отбасының тірегі, қамқоршысы болғандықтан, тапқаны тамағынан артылмай қалатын еңбекақыны олар қаламайды.

– Айтыңызшы, жарнама газеттеріндегі «психолог» мамандарға сенуге бола ма?

– Мен «анаған бар, мынаған барма» деп айта алмаймын. Психологтардың барлығы бірдей емес қой.  Кейбір жандар психолог – балгер немесе сиқыршы секілді, ол маған бәрін айтып береді деп ойлайтын көрінеді. Бұл қате түсінік. Егер «Наш город» атты анықтамалықты ашсаңыз, онда Алматыдағы психологтардың сайттары тізіліп тұр. Сол орталықтарда тек дипломы бар жоғары білімді мамандар жұмыс істейді.

– «Психолог кеңесі» қанша тұрады?

– «Психолог кеңесі» 2-3 мыңнан 100 долларға дейін бағаланады. Өйткені, сіздің ақшаңыз – менің еңбекақым болып есептеледі.

– Зубайда ханым, психологтың қабылдауына алғаш барған адам абдырап қалмауы үшін неден бастауы қажет?   

– Жақында бір үлкен кісі «қарағым, 45 минут мен не айтамын?» деп келіп, 2 сағат отырды. Бұл жерде айтпағым, келуші «неден бастаймын?» деп  ойланбауы керек. Әңгімені маман бастайды. Яғни, әр адам өз ісінің маманы болғандықтан, адам баласының жан дүниесіне қалай енуді біледі деп ойлаймын.

– Тағдырдың талайынан өтсе де, кездейсоқ жағдайлардан морт сынатын жандар көп қой. Дәл сондай сәттерде олардың жанын сіздерден артық ешкім түсіне қоймас. Дегенмен, сол жандарға қаражаты болмаған жағдайда, ақысыз кеңес беріп, көмектесе аласыздар ма?

– Әрине, көмектесеміз. Ол үшін алдын-ала тіркеуге жазылуы керек. Қашанда басқа түскен жағдайға түсіністікпен қарап, не нәрсені болса да кеңінен ойлаған дұрыс. Адамда өзіне-өзі көмектескісі келетін сезім күшті болғанда ғана күйзелістен шыға алады. Сондықтан сәтсіздікке тап болған адам өзін бақытсызға теңеп, өмірден түңіліп, жүйкесіне салмақ салмағаны жөн. Әрине, 45 минут болатын кездесуде күйзеліске ұшыраған адамның проблемасы толық шешіле қоймас, әйтсе де жанының жарасын емдеуге келген адам өзіне ой түйіп, рахметтерін айтып кетіп жатады. Психолог күйзеліске түскен адамның өмірінде не болып жатқанын түсіндіріп бере алады. Ал оны саралап, дұрыс бағытта өмір сүру әр адамның өз қолында екенін жұрт түсінсе екен деймін. Сондай-ақ, біз қабылдаудан бөлек, сайт арқылы қойылған сұрақтарға да жауап беруге тырысамыз.

– Жуырда қыз баланы 14 жастан тұрмысқа беру жайлы ұсыныс айтылды. Ал психологиялық тұрғыдан жасөспірім қыздарымыз бұған дайын деп ойлайсыз ба?

– Жоқ. Қыздар ғана емес, жалпы, жастардың психологиясы отбасын құруға дайын емес. Өйткені, біз балаларымызды 23-25-ке келгенше «мәпелеген тәрбиемен» («тепличный условияда») өсіргенбіз. Сондықтан да жастарда «ендігі жағдайымды күйеуім немесе әйелім жасауы керек» деген пікір қалыптасқан. Яғни, қыздар «пәтері мен көлігі бар жігітке тұрмысқа шығам, ол мені қамтамасыз етуі керек» деп шатасып жатады. Бойжеткендердің барлығын айта алмаймын, әйтсе де «мен әйел боламын» деп емес, «менің жағдайымды жасайтын азамат керек» деген түсінікпен тұрмыс құруды жоспарлап жүргендер аз емес. Олар үшін күйеу жігіт – отағасы емес, символикалық тілмен айтатын болсақ, «әкесі» болып есептеледі. Ал жігіттер жағы «қыз баланың осы өмірге келгендегі пешенесіне жазылғаны – ол еркекті бақытты етіп, азаматының туған-туысына құлдық ету» деп түсінетін көрінеді. Яғни, күйеу болам деп емес, барлық жағдайын жасап отыратын «анасы» секілді қабылдайды. Ендеше, айтыңызшы, 14 жастағы қыз бала қалай тұрмыс құрмақ? Мен бұған түбегейлі қарсымын. Олардың түйсігі мен психологиясын былай қойыңыз, жасөспірім қыздардың физиологиялық дамуының өзі дайын емес қой.
Әркім өз өмірінің қожайыны. Сондықтан, көңілі құлазыған жандарды  «…Өмірдің барлық сәтсіздіктері бақытсыздық емес, ендеше!» деген Мұхтар  ағаның: өлең жолдарымен жігерлендіргім келеді. Дегенмен, қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырымызды бағалай білейік.
 
Әңгімелескен – Құралай ИМАНБЕКҚЫЗЫ.

КЕРЕК КЕҢЕС

Жүйке адамның көңіл-күйімен тікелей байланысты. Сондықтан да мына кеңестерді жадыңызға түйіп алыңыз:
 
Әрдайым ашық-жарқын көңілді жүруге тырысыңыз.
 
Ренішті жүректе ұзақ ұстамаңыз және барынша кешірімді болыңыз.
 
Ұжымда, туған-туыстарда болатын көңілді кештерден қалмауға тырысыңыз.
 
Еңсеңізді тік ұстаңыз, оптимистік көзқараспен өмір сүріңіз. Өйткені, сізге өмір бір-ақ рет беріледі.

http://almaty-akshamy.kz/?p=18098