Қазақтар, біз қандай адамбыз?

Қазақтар, біз қандай адамбыз?Біздің ішімізде жаңарудың негізі болатын тірек жоқ. Өйткені, біз сананы рационализациялау, сананы соқыр сезімнің ықпалынан тазарту болған жоқ. Біз қазір ұйқыда өмір сүріп жатырмыз. Осы себепті көшелеріміз лас-қоқыс, жолдарымыз быт-шыт, құбырлар шұрық-тесік. Не себепті Германияда немесе Швейцарияда жолдар ойылып, құбырлары тесілмейді? Неге олар алдымен мұқият жоспарлап алып  салады да сосын күтіп ұстайды? Біз неге бірден жоспарсыз кірісіп, сосын тесіктерді жамаумен боламыз? Мен қазір нақты, физикалық шындықты айтып отырмын. Салық қызметі мен әскерден, репрессивті күштік құрылымдар мен сот жүйесінен бастап тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен энергетика жүйелерінен дейін бізде әрең, мүмкіндігінің 10 пайызында ғана жұмыс істеп тұр. Сол он пайыздың өзі ұрланып, бүлінумен болады. Неге?
 
Өйткені, біздің ішімізде әлем мен өмірді түсінудің, түсіндірудің және құрудың рационалды механизмі жоқ. Сыртымыздан өркениетті көрінгенімізбен, біздің ішіміз табиғатта немесе табиғат пен мәдениеттің түйісінде өмір сүріп жатқан көшпенділер мен терімшілерміз. Бұл тіпті біздің жеп жүрген тамағымыздан да көрініп тұр. Біз тамағымызды тым қарапайым, тұрпайы өңдеп, дайындаймыз, қосатын дәмдеуіштер де тым аз. Неге? Өйткені, сұраныс сондай. Мысалы, биік талғамға арналған француз кухнясын алайық. Біздікімен салыстырғанда ол әлдеқайда күрделі. Ал тамақ – өте маңызды көрсеткіш, ол – адам мен жабайы табиғаттың арасын білдіреді. Шикі тамақ пен дайын тамақ. Тамақ дайындау ісі қаншалықты күрделі болса, адам мен халықтың санасы да соғұрлым күрделі. Бұл бәріміз француз тамағына көшуіміз керек деген сөз емес. Бұл тек көрсеткіш.   
Мысалы, тек ет жейтін, көкөніс атаулыны пайдаланбайтын халықтар бар. Олармен салыстырғанда біздің кухня күрделі. Соған сәйкес біз де күрделірекпіз.
Қазіргі қазақ ол – бешбармақ, той-томалақ, құдайы тамақ, әртүрлі отырыстар. Оның бүкіл өмірі бір отырыс пен келесі отырыстың арасында өтіп жатыр. Яғни, ол жиналып тамақ ішіп, ешбір тәртіпке, биік идеалдарға бағынбайтын бос, бейберекет әңгіме-дүкен кезінде ғана нағыз өмір сүріп жатқандай болады. Осының бәрі халықтың мәдени кодын көрсетеді.
Біз өзіміздің және сөзімізді арнап отырған адамдардың дүниені қабылдауын жүйелегіміз келеді. Осы істе көмек жасасақ дейміз. Айналаға қазіргідей алақараңғы орман арасынан емес, дұрыс тор арқылы қарай білуге көмектескіміз келеді. Торды мүлдем алып тастауға болмайды (онда аңға айналамыз), тек оны құрылымдау керек.
Триада
 Біріншіден, бәрі триадаға бөлінген. Ойлау, таным, ақиқат, логика, ғылым, математика, философия – бұлар мықты теория және бар нәрсені түсінудің құралы ретіндегі фундамент болып бәрінің негізінде тұр. Адамға санасын бейсана, иррационал, мифологиялық паразиттердің ықпалынан тазартуға көмектесу керек. Өйткені, санасын адам өзі басқармайды. Ал рационалдық дегеніміз – ол ең алдымен ойлаудың автономдығы, тәуелсіздігі. Әдетте адамды бейсана, дәстүрлі, авторитет формалар билейді. Мамардашвили бұларды «өңі айналған формалар» деп атайды.
Әр адамға берілген формалар бар. Олар – тікелей сезім арқылы алынатын тәжірибесі, логика, себеп-салдарлық байланыс түріндегі рационалды функция, табиғи ес. Бұларға мақал-мәтел, ертегі, аңыз-әфсана, тәрбие теріс жағы, жалпылай қабылданған әлеуметтік рольдер сияқты артық мағына жүктеледі. Фрэнсис Бэкон бұларды «тек, үңгір, театр және алаң пұттары» деп атады. Әлем туралы нағыз шындығын білуге кедергі келтіріп тұрған иллюзияларды Бэконнан жақсы түсіндірген ешкім жоқ. Ал әлемнің негізіндегі тәртіптің кереметтігі соншалық, ол математикалық және геометриялық формулалар мен теоремалардың көмегімен сипаттауға келетін болып шықты. Бірақ біз неге оны солай көре алмаймыз? Өйткені, бізде тек, үңгір, театр және алаң пұттары бар. Басқаша айтар болсақ, өзіміздің табиғи кемістіктеріміз, отбасы мен тәрбиенің, мәдениет мен идеологияның ықпалы. Осылайша адам айналаның шындығын тікелей қабылдай алмайды, адам мен оған Құдай немесе табиғат берген формалардың арасында кедергі пайда болады. Салыстырмалы түрде айтсақ, бұл кедергілер, яғни мәдениеті, дәстүрі, әдет-ғұрпы тағы басқалар оның құлағына қойылған жастық, көзіне таққан көзілдірік деп қарауға болады. Әркімде өз жастығы мен өз көзілдірігі. Ол әлемді осы кірлеген көзілдіріктен көріп, дауысын ішіне не толтырылғаны белгісіз осы жастық арқылы естігісі келеді. Адамдар осы санамен сезініп, мойындауына көмектесуіміз керек. Бұл – адамға табиғаттан берілген бастапқы негіз және құрал.
Осыдан келіп екінші деңгей – құндылықтар жүйесі туындайды. Бұл бір қатпар сияқты. Моральдық-этикалық жүйе адамның ішінде болғанда да терең тұңғиығында жатыр. Ол – ішкі дүние, ол – адамның өзі. Сыртқы дүниемен – адамдармен, қоғаммен, табиғатпен қатынасқа түсуі үшін адамда құндылықтар жүйесі, моральдық-этикалық жүйесі болуы керек. Бұл адамға не істеу керектігін, не істеуге болмайтынын, нені жаман, ненің жақсы, ненің қайырымдылық, ненің зұлымдық, ненің ұят, ненің ұят емес екенін айтады. Бұл жүйе де рационал болуы, оның өз формасы болуы тиіс. Оны да артық мазмұннан тазарту керек. Айналамызға қарасақ, көретініміз – адамдар арасындағы дау-дамай, жанжал, түсініспеушілік, азғындық. Мұның бәріне себеп – моральдық-этикалық жүйенің рационал болмауы. Дәлірек айтсақ, жүйенің өзі рационал, тек оны рационал емес артық нәрселермен толтырылған.
Енді осы мораль-этикалық жүйеден тәжірибе (практика) мен саясат шығады. Бұл – адамның қалай жүріп-тұратыны, жұмыс істейтіні, сауда жасайтыны, үйленетіні, ажырасатыны, достасатыны, жауласатыны т.б.; осындай іс-әрекетті жеке тұлға ретінде, қоғамдық-ұжымдық саясат, одан әрі халықаралық қарым-қатынас деңгейінде қалай жүзеге асыратыны.
Біз сөз басында айтқан триада – таным теориясы, құндылықтар теориясы және практика – міне, осы.
 
Асылбек Мусин
«Нұрмұра.орг»
http://www.serke.org/news/kazaktar-b%D1%96z-kandai-adambyz