ДЕПРЕССИЯ – БҰЛ НЕ???

ДЕПРЕССИЯ – БҰЛ НЕ???Қоғамда жиі ауызға алынып жүрген «депрессия» деген дерт бүгінгі күннің маңызды мәселесі секілді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша, 2020 жылға қарай депрессия, яғни, жан торығуы жүрек-қан тамыры бұзылыстары мен қатерлі ісіктерді басып озып, бүкіл сырқаттардың ішінде бірінші орынға шықпақ. Статистикалық мәліметтерге қарағанда, әлемде кең таралған бұл дертті әрбір 10-шы еркек, 5-ші әйел өмірінде бір рет болса да басынан өткереді екен .
     Ең алдымен, біз тұрмыста жиі қолданып жүрген сөзіміз  психиатрлық ұғым екенін атап өту керек. Депрессия - адамның көңіл-күйінің ұзақ уақыт нашар болуы, күйзеліске ұшырау, жабығу, дәрменсіздік сезіміне бой алдыру деген ұғымды білдіреді.
    Депрессия дерті бірнеше түрге бөлінеді:
Классикалық депрессия - бұл қайғыру,жабығу,уайым сезімдері; Ангедония- бұл күнделікті тұрмыстан шаршау,өмірден ләззат алмау.
Невротикалық депрессия - адам психикасына ұзақ мерзім бойы психикалық зардаптан келетін жағдайлардың әсерінен болады. Бұл депрессия түрі әдетте көңіл-күйдің төмен болуымен, айналасындағылардың өзіне құрметсіздік, әділетсіздік танытады деген ішкі сезімінен туындайды. Симптомдарына уайымшылдық, ұйқының қанбауы, бас ауруы, жеке өмірінің бұзылуы жатады. Депрессияның бұл түріне мінезі бірбеткейлі тұлғалар жиі ұшырайды.
Психогендік депрессия - адамның өмірдің мәнін жоғалтуынан болады.  Әдетте өзіне қымбат адамдар немесе қызмет орнынан айырылғанда алатын стресстің салдарынен басталады. Көп адамдар психогендік депрессияға бейім келеді. Өзінің және жақындарының тағдырына алаңдаушылық білдіріп, жан күйзелісіне ұшыратып, пессимизмге бой алдыртады. Осы депрессия түріне шалдыққандар өз-өзіне қол жұмсау арқылы мәселеден шығамын деп қателесіп жатады
Босанған әйелдердегі  депрессия - жас аналарда жиі кездеседі. Басты себеп - жас аналардың  организміндегі гормоналдық өзгерістерден болады. Бұл депрессия түріне шалдыққан әйелдерге эмоционалдық тұрақсыздық, әлсіздік, тез шаршау, уайымшылдық , қорқу сезімдері тән. Өзіне берілген жаңа міндеттерді атқаруға сенімсіздік танытады. Баланың күтімін жасауда қателік жіберемін, балаға сүт жетпейді қалады, ауыртып аламын т.б. үрей сезімдері үнемі  жан тыныштығын алады. Бұл жағдайларда отбасындағылар түсіністік танытпаса, жас ана ашушаң болып, жанұяда ұрыс пен жанжал жиі тіркеледі. Бұл депрессия эмоционалдық түрде ғана әсер етпейді. Ұйқының бұзылуы, тәбеттің болмауы, тез шаршау, әлсіздік сияқты жағдайларға ұшыратуы мүмкін. Депрессияны болдырмау үшін психологтар төмендегідей кеңес береді:
- Өзіңізге тым жоғары талап қоймаңыз;
- Өзіңізді сәтсіздіктер үшін кінәлай бермеңіз;
- Қолыңыздан келмеген нәрсені жасай алмасаңыз, қайта тырысыңыз;
- Қателіктеріңізді ой сараптауынан өткізіп, ситуациядан шығатын нақты іске кірісіңіз;
- Өзіңіздің сүйікті ісіңізбен айналысыңыз;
- Спортпен шұғылданыңыз;
- Достарыңызбен немесе жақын адамдарыңызбен жиі кездесуге, серуендеуге тырысыңыз.

    Кез-келген депрессияның алдын алуға болады. Жоғарыда атап өткен ауру түрлеріне шалдықпас үшін және одан оңай шығу үшін арнайы мамандардың кеңесіне жүгініңіз.
 
http://www.jaisan.kz/blogpost/318#.VA3lp1cqOZk