Сыныптасын өлтірген оқушының жүйке жүйесі бұзылған

Сыныптасын өлтірген оқушының жүйке жүйесі бұзылғанАстана. 17 қыркүйек. Baq.kz – Сыныптасын қаламсаппен өлтірген астаналық оқушының жүйке жүйесі бұзылған. Бұл туралы Астана қалалық прокуратурасының өкілі Жасұлан Сәрпеков Tengrinews.kz порталына берген сұхбатында мәлімдеді.
"Балалар бұл мектепке әр жақтан келген, бірі 52-ші, екіншісі 66-шы мектептен. Бұрынғы мектептері берген мінездемеде екеуінің де тәртібі жақсы деп айтылады. 52-ші мектептен ауысқан бала (сыныптасын өлтірген) жүйке жүйесінің бұзылуына байланысты үйінде жатып та оқыған. Оған 2014-2015 оқу жылында жалпы білім беру мектебінде қатарластарымен бірге оқуға кеңес беріліпті. 2013-2014 оқу жылында ол білімді үйінде жатып алған. Жеткіншек жүйке жүйесінің бұзылуына байланысты есепте тұрған" деді Сәрпеков.
Астана прокуратурасының мәліметінше, сыныптасын өлтірген оқушы қазір ата-анасының жанында. Қазір тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ол аяқталысымен қылмыстық іс қозғалады. "ҚР Қылмыстық кодексінің 96 бабымен іс қозғалуы мүмкін. Бала әлі 13-те. Ал, заң бойынша қылмыстық жауапкершілікке 14 жастан бастап тартылады. Тіпті, ата-аналары да жауапкершіліктен босатылуы мүмкін. Кімнің кінәлі екені қосымша тергеуден кейін анықталмақ. Бәлкім мұғалімдер тарапынан кемшіліктер кеткен шығар немесе мектеп инспекторларынан" деді Сәрпеков өз сөзінде.
Естеріңізге салайық, кеше Астана қаласындағы №76 мектепте 8 сынып оқушысы өз сыныптасының жүрегіне қаламсап тығып алған болатын. Салдарынан жарақат алған жеткіншек ауруханаға жетпей көз жұмды.