Шылым бағасын 500 теңгеге көтеру шылымқорларды бес есеге азайта ма?

Шылым бағасын 500 теңгеге көтеру шылымқорларды бес есеге азайта ма? Қазақстан халқы қазірде темекі өнімдерін сатып алуға жыл сайын 1 млрд (!) доллардан астам қаржы жұмсаса, тек қана темекі шегуден халқымыздың ағзасына түскен ауыртпалықты емдеуге жыл сайын 5 млрд доллар (!) көлемінде қаржы кетеді. Осыған байланысты «Алаш айнасына» пікір білдірген мамандар еліміздегі шылымқорларды темекі түтінінен азат ету үшін болашақта мемлекеттік салмақты шешімдер қабылдануы қажеттігін алға тартып отыр. Ал ол қандай шешімдер болуы керек? Бұл ретте нендей салмақты пәрмен қажет? Енді осы жағын сараптап көрелік...

Негізінде, темекіден халықты азат қылуды мақсат еткен ұлттық коалиция мамандарының пайымдауынша, болашақта шылымның бағасын еселеп тұрып өсіру қажет. «Мысалы, бір қорап шылымның бағасы 500 теңге болғанда, еліміздегі шылымқорлардың саны бес есеге азаяр ма еді?!» дейді мамандар.

Десек те, бұған қатысты отандық сарапшылар өнімнің бағасын өсіру арқылы мәселені шеше алмайтынымызды, бұл мәселенің әлеуметтік мәні өз алдына, экономикалық жағы да ушығып тұрғанын алға тартуда. Мәселен, мамандар сөз еткендей, темекі шегу арқылы Қазақстан халқы денсаулығын құртып қана қойған жоқ. Бұдан ел экономикасы да айтарлықтай соққы алып жатыр.

Дәурен ӨМІРЗАҚОВ, заңгер:

– Отандастарымыздың темекіге тәуелділігі елге сырттан темекі өнімдерін әкелетін шетелдік компаниялардың «айын оңынан туғызып тұр.

Елімізге енетін темекі өнімдерінің 90 пайызы сырттан келетіндіктен, бұл жерде тек пайданы шетелдік компаниялар ғана көріп отыр. Пайдасын еселей түсуді көздейтін сол компаниялардың Қазақстанға шылым сатудан көретін жыл сайынғы пайдасы 200 млн долларды құрайды. Бұл біздің шетел компанияларын молынан қаржыландырып отырғанымызды көрсетеді. Ал темекі өнімінің бағасын 500 теңгеге өсірер болсақ, тағы да сол шетелдік компаниялардың табысы еселене түспек. Сондықтан мәселені шешудің басқа тетіктерін қарастырған жөн. Болашақта темекі өнімінің шығарылуына, сатылымына, нарықтағы сұранысына қатысты түбегейлі мемлекеттік өзгерістер қажет. Соның бір парасы – «Халық денсаулығы мен денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекске темекіні тұтынуға қатысты нақты-нақты ескертулер енгізілуі керек.

Сөйтіп, заңгер маманның байыптауынша, өнімнің бағасын өсіргеннен гөрі заңды қатайту маңыздырақ болмақ.

Абзалында, ресми деректер көрсетіп отырғандай, бүгінде 20-25 жас-тағы азаматтар темекінің құрбанына айналуда. Бұған қоса ресми мәліметтер елімізде 13-15 жас аралығында 140 мыңнан астам жасөспірімнің темекіге тәуелді екенін айқындап отыр. Осыған орай мамандар темекі эпидемиясына қарсы тұратын басты тетіктерді айқындап көрсетіп отыр:

А) Темекі өнімдерін дүкендерде сатуға қатаң тыйым салу керек. Бұл ретте, тек арнайы лицензиясы бар темекі сататын шағын дүңгіршектер ашқанымыз жөн. Әсіресе қалалық жерлерде бұл жүйені мықтап қолға алуға мүмкіндік мол. Ал ауылдық окургтерде дүкендер онсыз да санаулы ғана. Ауылдық жерлерге бұл әдісті дүкен ішінен арнайы лицензиясы бар бұрыштама ашу арқылы жүзеге асыруға болады.

Ә) Темекі бағасын күрт қымбаттатқан жөн. Темекінің бір қорапшасы 500 теңге болуы керек. Сонда ғана республика халқының үштен екісі темекі сатып алу қабілетінен айырылады. Бұл үрдіс елдегі темекіге тәуелділердің сапын азайтады.

Б) Темекі өнімдерін сатушы компанияларға салынатын салық бес есеге көбейтілгені абзал. Өйткені жыл сайын Қазақстанның темекі нарығына 30 миллиард дана шылым түседі. Ал шетелдік компаниялардың төлеп жатқан салықтары мардымсыз, тапқан пайдалары шаш етектен. Сондықтан осыған орай темекінің әр данасына салық салынғаны жөн. Сонда елге түсетін кіріс еселене түседі.

Тізбелей берсек, темекіге тәуелділікті төмендету хақында айтылар ұсыныстар жетіп-артылады. Бір басымдық беріп айта кетерлігі, бүгінде дені сау ұрпақ өрбіткісі келетін елдер темекі салығын өсіріп, өнім құнын қымбаттату арқылы бұл мәселені біртіндеп шешіп-ақ келеді. Ал біздің елімізде бұл механизм шылымқорлардың нәпсісін шектеуге сеп бола алмай отыр. Бұлай дейтін себебіміз: естеріңізде болса, осыдан екі жыл бұрын Денсаулық сақтау министрлігі: «қоғамдық орындарда, дәмхана, асханаларды былай қойып, түнгі клубтарда, университет, институт маңында шылым шегуге қатаң тыйым салынады. Оларға әкімшілік айыппұл салынады» деген арнайы қаулы шығарған болатын. Өкініштісі, бұл қаулыға селт етіп, үріккен пенде көрмедік. Бұған қатысты мамандар «халықтың денсаулығын ойласақ, шылымқорларға қатысты мемлекеттік бақылауды күшейтіп, тым құрығанда олардың қоғамдық орында шылым шегуіне тыйым салу үшін мемлекеттік қаулыларды, талапты қатайту керек» дейді.

Керек дерек:

– Бір сигарет адам өмірін 18 минутқа кемітеді. Адам күніне бір сигареттің түтінінен 580-1100 есе лас ауамен дем алады. Бір куб миллиметр темекі түтіні 3 млн ыстың мөлшерін құрайды. Бір жылда темекі тартатын адамның өкпесіне 800 грамм темекі шайыры жиналып қалады.

Егер адам 15 жасынан бастап темекі тартса, оның өмір сүру жасы сегіз жылға қысқарады. 15 жасынан бастап темекі тарта бастаған адамдарда өкпе қатерлі ісігі жиі кездеседі.
 
Нұрғиса Елеубеков (фото)

 http://alashainasy.kz/economica/shyilyim-bagasyin-500-tengege-koteru-shyilyimkorlardyi-bes-esege-azayta-ma-54030/