Енді насыбай да ата алмайcыз

Енді насыбай да ата алмайcызНасыбай мен «снюстарға» бүкіл Еуразиялық экономикалық одақ кеңістігінде тыйым салынатын болады. Мәскеуде өткен ЕЭО-ның Жоғарғы кеңесінің отырысында Қазақстан, Ресей және Беларусь вице-премьерлері темекі өнімдеріне арналған техникалық регламентті бекітті.
 
Бұл жерде басқа да жаңалық бар: Қазақстан жағы ресейлік темекі лоббиін жеңіп, тағы бір тәжірибесін бүкіл Еуразиялық одақ көлеміне таратуға қол жеткізді.  
Еуразиялық экономикалық одақтың Жоғарғы кеңесі Қазақстанның ұстанымын қолдады: оған сәйкес, 2017 жылдың қарашасынан бастап, ұйым аясында барлық сигареттер жаңа қорапта сатыла бастауға тиіс. Нақтырақ айтқанда, олардың қораптарының қасбетінің жоғарғы бөлігінде және артқы жағының төменгі бөлігінде шылым шегудің денсаулыққа қандай зардап келтіретіндігін бейнелейтін графикалық ескертпелер орналастырылады. Бұл енді міндетті. Әйтпесе, Қазақстанның өзінде қорқыныш тудырар кескіндері жоқ темекі өнімдері сатылуда.
Бұл талап тек қазақстандық тараптың күш салуының арқасында ғана қабылданғандығын айта кеткен жөн. Елімізде темекідегі үрейлі суреттер 2013 жылдың шілдесінен бері басылып келеді. Осы арқылы сигареттер қорабының өзі темекі тартудың зияны туралы мәлімдейтін әлеуметтік жарнаманың бір арнасына айналды. Бірақ Ресейде біздің сол тәжірибені қабылдауға қарсылық қуатты болған көрінеді.   
– Еш артық айтқандық емес, бұл техникалық регламент – Мәжіліс депутаттарының, Үкіметтің, денсаулық сақтау органдарының және темекіге қарсы қоғамдастықтың 4 жыл бойғы бірлескен жұмыстарының жемісі және үлкен жетістігі, – дейді «Темекі түтінінсіз Қазақстан үшін» коалициясының жетекшісі Жәмила Садықова. – Темекі лоббиімен көпжылдық тайталаста әріптестеріміздің ауызбіршілігі мен денсаулықты жақтайтын дәйектемелердің жеңіп шыққандығына қатты қуаныштымыз!
Коалиция басшысы қазақстандық тараптың барлық деңгейлерде табандылық танытқандығын атап көрсетеді: «Бізге вице-премьерлер деңгейіне дейін шығуға тура келді, олар темекі эпидемиясын бақылауға бағытталған шараларды бірауыздан қолдады. Бұл шындықтың ақыр соңында жеңіске жететіндігін көрсетеді. Енді ЕЭО кеңістігіндегі 160 миллионнан астам халық шылым шегудің салдары туралы сигарет қораптарынан ақпарат ала алатын болады. Тағы бір айта кетер жайт, шайнайтын және иіскейтін темекі түрлеріне де тыйым салынады. Өз тәжірибесіне сүйене отырып, Қазақстан мұнда да басты рөл атқарды».
Сонымен, ЕЭО шешіміне сәйкес, үш мемлекетте 2017 жылдың қарашасынан бастап мынадай өзгерістер болады: біріншіден, темекі өнімдерінің қораптарының қасбетінің және артқы жағының 50%-ын «үрейлі» ескертпелер алып жатуы тиіс. Екіншіден, қандайда бір шылым маркасының «жақсы» екендігі туралы тұтынушыға қате түсінік беретін терминдер жойылады. Сондай-ақ сигарет қораптары көміртек моноксидінің көлемі туралы деректерден де арылады. Бүгінде бұл сандарды өндірушілер белгілі бір сигарет маркаларын «денсаулыққа зияны анағұрлым аз» деп көрсету үшін пайдаланылады. Зерттеушілер шынында, олай еместігін дәлелдеген.
Үшіншіден, темекі өнімдерінде шие, алма секілді азық-түліктік және дәрі-дәрмектік терминдерді пайдалануға тыйым салынып отыр. Бұл кесір тәжірибе Ресейде кең таралған, сөйтіп, шылым шегудің балалар арасында кең таралуына ықпал етуде.  
Төртіншіден, сигареттердегі «жеңіл», «жұмсақ», «шайырлардың құрамы төмен» терминдеріне тыйым енгізілді. Айтқандай, мұндай жазулар үш ел ішінде тек Қазақстанда ғана қолданылады.
Осы айтылған жаңалықтар сыртында, Қазақстанның Ұлттық экономика, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрліктерінің ұстанымдарының арқасында Жоғарғы кеңес темекенің «шегілмейтін» түрлерін әкелуге, өндіруге және айналымына ұлттық деңгейде шектеу қойылуын қолдады, сондай-ақ Қазақстан, РФ және Белоруссия денсаулық сақтау министрліктеріне осы темекі бұйымдарына тыйым салу туралы арнайы Келісім әзірлеуді жүктеді.  
Қазақстан осындай шешімді ендігі заңдастырып жатқан жалғыз ел: Мәжілісте жақын уақытта екінші оқылымда қаралуға тиісті «Халықтың денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс жобасында темекінің шегілмейтін түрлеріне тыйым туралы бап бар. Әйтпесе, қоғамдық ұйымдардың болжамынша, мұндай шектеу шаралары қабылданбаса, насыбай, снюс және басқаларын тұтынатын қазақстандықтар саны 1,7 миллионға жетуі мүмкін көрінеді. Бүгінде шылым тартатын отандастарымыздың саны ендігі төрт миллионнан астам адамды құрайды.   
Айхан ШӘРІП

http://aikyn.kz/articles/view/61138