Шылым шарананы тұншықтырады

Шылым шарананы тұншықтырадыТемекі тарту және жүктілік үйлеспейтін ұғымдар. Бірақ көк түтінді будақтатқан бойжеткен өз қолымен болашақ сәбиінің өміріне балта шауып, өз денсаулығына үкім шығарып тұрғанын түсінер ме екен?
Кейбір қыздар шылым шегу арқылы семіздіктен арылуға болады деп ойлайды.  Бұл – жаңсақ ұғым. Ол былай тұрсын, темекі тарту бедеулікке алып келмек. Ғалымдар темекі шегетін әйелдің ұрық жасушасы өліп қалатынын дәлелдеп отыр. Медицина тілімен түсіндірсек, бұл ағзаға темекі түтінімен баратын политсикликалық хош иісті көмірсутектерінің кері әсерінен болады.  Ол ұрықтану мүмкіндігін екі есеге азайтады.  Сондай-ақ әкенің темекіге әуестігі болашақ ұрпақтың денсаулығына кері әсер етеді.
Ғылыми тұрғыдан дәлелденгендей, темекі шегетін анадан көбіне жырық таңдай, жырық ерін балалар туады. Бұл оттегі жетіспеуінің әсері. Егер біздің аузы-мұрнымызды жауып қойса, оттегісіз шыдай алар ма едік? Жүктілік кезінде тәулігіне 5-10 тал темекі шеккен ана босанған кезде нәресте осындай хал кешеді. Мұның себебі мынада:  темекі бала жолдасының бөліну паталогиясын тудыруы мүмкін. Осының кесірінен баланың жолдасы бөлінген кезде қатты қан кете бастайды. Оны тек қана ота көмегімен ғана тоқтатуға болады.  Бірақ баланың аман қалуы екіталай.  Ал, аман қалған күннің өзінде бала мүгедек болады. Себебі, бала жолдасы бөлінген кезде жіті гипоксияға тап болды. Қарапайым сөзбен түсіндіргенде, сәби тұншығып қалады. Міне, темекіге әуестіктің салдары осындай тосын жағдайға себеп болмақ!
Сіз оқыс нәресте өлімі туралы естіген боларсыз. Бір жасқа дейінгі кейбір сәбилердің жүрегі медицинаға түсініксіз себептермен тоқтап қалып жатады. Оның нақты себебі дәрігерлер үшін әлі белгісіз. Алайда жасалған зерттеулер көрсеткендей, бұл жағдай көбіне анасы темекі тартатын отбасында орын алып жатады.

Шолпан ҚОЖАХМЕТОВА
Астана қалалық №5 перзентхана
бас дәрігерінің орынбасары

http://www.namys.kz/?p=11777