Жыл сайын әлемде темекі шегу салдарынан 6 млн. адам көз жұмады - ДСҰ

Жыл сайын әлемде темекі шегу салдарынан 6 млн. адам көз жұмады - ДСҰАЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда Халықаралық темекі шегуден бас тарту күніне орай арнайы баспасөз мәслихаты болып өтті. Бұл Күн әлем бойынша жыл сайын қараша айының үшінші бейсенбісінде атап өтілетіні белгілі. Оны алғаш рет АҚШ-тың Онкологиялық қоғамы 1977 жылы бекіткен болатын.

«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегі бойынша әлемде жылына темекі шегудің салдарынан 6 млн. адам көз жұмады. Ал 600 мыңнан астам адам темекі тартпаса да оның түтінін жұтып, денсаулығына зиян келтіреді. Қазақстанда темекіге қарсы саясат «MPOWER» деп аталатын шекті конвенция аясында жүзеге асырылады. Бұл шекті конвенцияны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әзірлеген. Бұл жерде басты мақсат - темекі тауарларына деген сұранысты да ұсынысты да азайту. Елімізде үстіміздегі жылы «Темекі бұйымдарына салынатын салықтың көлемі ұлғайтылсын!» деген ұранмен 10-19-шы қараша аралығында онкүндік өткізілді. Осы аралықта арнайы топтар халық арасында темекінің зияндылығы туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, Дөңгелек үстелдер, ашық есік күндері ұйымдастырылды», - деді ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Саламатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары Ұлттық орталығының бөлім бастығы Наталья Сүлейменова.

Өз кезегінде Алматы қалалық саламатты өмір салтын қалыптастырыу орталығының дәрігер-дене шынықтыру бөлімі меңгерушісінің міндетін атқарушы Ырысгүл Мейірманова қалада темекіге қарсы орталықтар ашылып жатқанын хабарлады.

«Қазір Алматыда осындай 32 орталық ашылған. Оларда медбикелер, психологтар және әлеуметтік қызметкерлер жұмыс істейді. Соңғы 9 айдың ішінде бұл орталықтарға барлығы 3716 адам жүгінді, Орталықтардың қызметіне тоқталар болсақ, оларда темекіні тастаймын деген адамдарға жекелей арнайы медициналық көмектер көрсетіледі», - деді Ырысгүл Мейірманова.

Айта кетелік, орталықтарға жүгінгендердің аты-жөндері жарияланбайды, яғни ақыл-кеңес беру, медициналық көмек көрсету жұмыстары жасырын жүргізіледі.

Қазіргі таңда елімізде осы тектес 84 орталық жұмыс істеп жатыр. Олардың бірқатары жергілікті ауруханалар мен емханалардың жанынан ашылған. Мамандардың айтуынша, соңғы жылдары елімізде ересектер арасында темекі тартушылар саны біршама азайғандығы байқалады.

 

 

Автор:Жаппарберген Айбота

 

http://inform.kz/kaz/article/2841047