Ұйқы тудыратын заттар шақыратын уытқұмарлық

Барбитуратты қышқыл өнімдеріндегі ұйқы тудыратын заттарды шектен тыс тұтынуды нашақорлыққа жатқызады. Басқа ұйқы тудыратын заттарды шектен тыс тұтыну уытқұмарлық болып есептеледі.
Барбитуратты қышқыл өнімдеріне: веронал, фенобарбитал, барбамил, нембутал жатады. Әсер ету ұзақтығы бойынша барбитураттарды үш топқа бөледі: қысқа мерзімді әсерлі (тиопентал, гексонал), аралық мерзімді әсерлі (амитал-натрий, барбамил, нембутал), ұзақ мерзімді әсерлі (веронал).
Тәуелділіктің қалыптасу мерзімін препараттың дозасы, қабылдау жиілігі және енгізу тәсілі анықтайды. Тәуелділіктің белгілерінің бірі ұйқы тудырғыш дәріні күндіз қабылдау. Тәуелділік 6-12 айдан соң пайда болады, нашақорларда эйфория мақсатында вена ішіне енгізуде бірнеше күннен соң туындайды.
Барбитураттармен жедел немесе созылмалы уыттану (интоксикация) алкогольдік мастануды еске салады: тежелу, қозғалыс бағдарсыздығы (дискоординация), гипомнезия, тілдің күрмелуі, сынның бұзылысы, эмоционалдық тұрақсыздық, сексуалдық және агрессивтік әуестіктің жүгенсіздігі, тұлғалық біліністердің үшкірленуі.
Барбитураттарды ұдайы тұтынудағы 2-3 жылдан соң дозаны арттыру қажеттілігінің төмендеуі және оның тұрақтануы болады. Тұрақтану кезеңінің ұзақтығы науқастарда – бірнеше жыл, ал нашақорларда – 4-6 ай. Одан соң доза азайтылады және бұл кезеңде науқастарда мөлшерден артық тұтыну дамиды.
Дәріні мөлшерден артық тұтынғанда бас айналу, жүрек айну, құсу, көздегі шаншу, сілекей ағу, суық тер пайда болады. Одан әрі кома дамиды. Өлім тыныс алудың тоқтауы және жүректік-қан тамырлық тапшылық нәтижесінде пайда болады.
Абстиненттік синдром препаратты алып тастағаннан кейінгі тәулік бойында туындайды. Алаңдау, ызалану, жылаймандық, ұйқы бұзылуы, ұйқы қашу, дисфория, буындардағы ауыру, жүрек айну, құсу, қол, тіл, қабақ дірілі пайда болады. Қаны қысымы тұрақсызданады, кейде құрысулар, сананың делириоздық бұзылысы, паранойдтық бағыттылау білінеді.
Барбитураттармен созылмалы уыттану тез (4-5 жылда) тұлғаның дөрекі өзгерісіне жетелейді: алдымен ызалану, дисфория, кейіннен ойлау үдеріс екпіні баяулайды, жад төмендейді, әлеуметтік дезадаптация дамиды.
 
Дастан Шамшидинұлы РАХМАНОВ,
"Жаңақорған аудандық емханасы”
ШЖҚ МКК нарколог дәрігері

Сурет http://www.medicalj.ru/ сайтынан